Қызылордадағы мектептерге оқушы сыймай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы мектептерге оқушы сыймай жатыр

18.04.2019

620 орынға лайықталған ғимаратта 1800 бала оқиды. Халық жергілікті биліктен мектеп салуды сұрайды. Бірақ оның өзі мәселені толық шешпейді. Себебі облыс орталығында халық саны жылдан жылға көбеюде. Алдағы екі жылда қызылордалықтар қатары 1 миллионға жетеді деген болжам бар. Яғни, қажеттілік онан сайын артады. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Бұл - қалада соңғы жылдары бой көтерген жаңа мөлтек аудандардың бірі. Жылдан-жылға көлемі ұлғайып келеді. Жер алып, үй салып, көшіп келіп жатқандар көп. Ал, мұнда бір ғана мектеп бар. №261. Осыдан 10 жыл бұрын 620 балаға лайықталып салынған. Бірақ қазір мұнда 1800 оқушы білім алып жатыр.

Оған қоса мектепалды даярлық тобында 140 бала бар. Сабақ екі ауысыммен өтеді. Ал, жаңа оқу жылында бірінші сыныптың саны 10-ға жетеді.

Алтынсары Шүренов, мектеп директоры:

- Лабораториялық жұмыстар жүргізуге, қосымша үйірмелер жүргізуде қиындықтар келетіні сөзсіз. Өйткені барлық жерді түгелдей оқу процесіне арнап отырмыз. 

 Осыған орай қазір жергілікті билік мектепке қосымша ғимарат салу мәселесімен айналысуда. Оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал, Саяхат, СПМК, Арай шағын аудандарында мектеп мүлдем жоқ.

 Күлшар Өтегенова, Саяхат мөлтек ауданының тұрғыны: 

- Балаларымыз әр жақта оқиды. Мынау жол да қиын. Өзіміз апарамыз, өзіміз әкелеміз. Өте қиын болып тұр.

Бұл проблеманы биліктегілер біледі. Бірақ мәселе жергілікті жерде шешілмейді. Үлкен мектеп салу үшін ақша республикалық бюджеттен бөлінеді.

Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:

- Биыл бастауға, әрине, біз тырысамыз. Бірақ оның бәрі енді қаражатқа байланысты. Жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені, шынында да өте қажет. «Мұрагер» мектебі бар, қазір ол жерде 3600-дей бала оқиды, өзі 1200 орындық мектеп.

Осы «Мұрагер» мектебінде қазір «У», «Т» деген сыныптар бар. Білім ошағының табалдырығын биыл 654 оқушы аттап, бірінші сыныптар саны 21-ге жетті. Сондықтан қазір осы мөлтек ауданға жақын жерден тағы бір мектеп салынып жатыр. Ол биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қазір сол жағалауда, Бәйтерек мөлтек ауданында және Қызылжарма елді мекенінде жаңа білім ғимараттарын салу қажеттігі туындап отыр.

Ақерке Берікбекқызы

Хабарламаларға жазылу