Қытайда 14 мыңнан астам отандасымыз оқып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда 14 мыңнан астам отандасымыз оқып жүр

17.04.2019

Алыс-жақын шет мемлекетерде білім алып жатқан қазақстандық студенттер аз емес. Соның бірі – Қытайда 14 мыңнан астам отандасымыз оқып жүр.  Бұл елде  қазақстандық студенттердің қауымдастығы бар, олар жыл сайын құрылтай өткізіп отырады.

Алайда, сол көрші елде жүріпжастарымыз түрлі келеңсіздіктерге тап   болып жатады. Тілшіміз Фариза Мұсақызы Қытайдың Ухань қаласында оқып жүрген жастармен жүздесіп, олардың сырттағы өмірінің қиындықтары мен қызықтарын көріп қайтты.

Студенттермен олар сабақтан босаған кезде, кешкі уақытта кездестік. Мұнда жастардың  білім алуы мен қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Тегін спорт алаңдары мен жаттығу орындары бар. Тек студенттің білім алуға деген құлшынысы қажет.

Айғаным Саина Ухань ұлттық университетінің 4 курс студенті. Болашақ заңгер. Оның Қытайда оқып жүргеніне биыл 8 жыл болған. 

Айғаным Саина, студент:

Бұл жақта күнде сенің артыңнан жүгіріп жүретін мұғалімдер жоқ. Сабақ оқы, бүйт, сүйт деп. Әрбір студент өзі, өз талпынысымен біліп алады. Сабаққа да келсең, келмесең өзің білесің. Қытайда бәрі өзіңе байланысты. Бірінші мақсатым – Қазақстанға оралып, ел үшін, жер үшін жұмыс жасау.  Өйткені, патриоттық сезім тек қана Қытайда оқып жүрген кезде келді.

Отандастарымыз көрші елдің ірі қалаларының бәрінде дерлік оқиды. Расул Исағалиев Талдықорған қаласында туып-өскен. Ухань технологиялық университетінде азаматтық инженерияны меңгеруде. Қытайға келгеніне тек 7 ай болыпты. Елдің мәденитімен, халықтың тұрмыс-тіршілігмен енді танысып жүрген 18 жастағы бозбала Қазақстанды сағынып жүргенін жасырмады.

Расул  Исағалиев, студент:

Тамағын айтсақ, Қазақстандікіне жетпейді. Ет, бешбармақ, мантыды сағынасың. Ең басында, Уханьға келгенде мен Қытай тілін білген жоқпын. Қайда баратынды да білген жоқпын, не істейтінімді де білген жоқпын. Кімге не дейтінді де білген жоқпын. Қиыншылықтар болды.

Қытайда тәртіп қатаң екені ақиқат. Сол үшін де қазақстандық жастар көп қиындыққа тап болады. Бұған қоса, көрші елдің заңын білмей,  түрлі келеңсіздік мен кикілжіңге кезігеді. Кішігірім қылмысты та жиі жасайды екен.

Шахрат Нұрышев, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Бұл жерде жәй наша шеккені үшін, кем дегенде, 6 айға түрмеге жабады. Біздің консулдар барып, полициямен сөйлесіп, әйтеуір, штрафын төлеткізіп, ана кісіні шығарып, Қазақстанға қайтарып жібереді. Өйткені, жас бала, шыны керек, 18-19-дағы балалар. Қазір олар Қытайда түрмеде отыратын болса, 6 айдан кейін қандай болып шығатынын Құдай біледі. Оны Қазақстанға жібереді. Бірақ мына жерден оқудан шығарады. Сондықтан, менің айтып отырғаным, балаларды жіберген компаниялар, оларды жіберердің алдында іріктеу жасап, мінезіне, тәртібіне қарай дұрыс балаларды жіберсе, сол дұрыс болар еді. Ал бізде, мен білемін ғой, жарнама жасаған кезде ҰБТ-сыз Қытайға оқуға қабылдаймыз деп жазады.

Расымен де, Қазақстанда Ұлттық біріңғай тестілеу емтиханының сертификатысыз-ақ, Қытайға шақыратын компаниялардың қатары көп. Сондықтан, елшілік өкілдері, жастарды шетелге жібермес бұрын, компанияның талаптары мен олардың жауапкершілігімен жіті танысуды сұрайды.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу