1 маусымнан бастап еліміз бойынша 1 млн-нан астам ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Осылай деп Туиттер парақшасына жазған ел Президент құжатты әзірлеген Үкіметке және маңызды өзгертулерді жылдам қарап, қабылдаған Парламент депутаттарына алғыс айтты.
Сонымен, маусымнан бастап айлығы көтерілетіндердің көпшілігі - білім саласының қызметкерлері. Қазірде мұғалімдердің жалақысын көтеру коэффиценті бекітілген. Соған сай, қазір есептеу жұмыстары басталды.
Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы аясында, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру үшін қазынадан қарастырылған қаржының 75%-ы білім саласына бағытталмақ.
Тура 2 айдан соң жұмысы қиын, жалақысы мардымсыз қызметкерлердің айлығы артады. Яғни, ең алдымен білім саласындағы жас мұғалімдер, психологтар, балабақша жетекшілері, тәрбиешілер және олардың көмекшілері. Еден жуушылар, күзетшілер, отжағушылар, электрик, сантехниктердің де еңбекақысы еселенеді. Сосын барып, кезек басқарушы санаттағы қызметкерлерге жетпек.
Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тарифтік коэффицентті бекітті. Ал, бізде есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда айта кететін мәселе, жалпы бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын көбейтуге арналған қаржының 75 проценті білім саласына бөлініп отыр. Жалақы 1 маусымнан бастап көтерілетін болады.
Жалақысы жақсы ұстаз сапалы білім беруі тиіс. Осы ретте алдағы 3 жылда 144 мың мұғалімнің біліктілігі арттырылады. Бірақ, ағылшын тілінің курстарынан өтпейді. 2020 жылдан бастап ағылшын тілінің мұғалімдерін ЖОО дайындамақ. Ал, 2021 жылға дейін елімізде 190 жаңа мектеп салынады.
Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:
Бұл 190 мектеп ең алдымен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің проблемасын шешуге бағытталып отыр. Сондай-ақ, апаттық жағдайда орналасқан және оқушылардың орны жетіспейтін мектептердің мәселесін шешетін болады. Сонымен қатар, жер сілкінісіне байланысты біраз мектепте жөндеу жұмыстарын өткіземіз.
Педагог ұғымы біріздендіріледі. Соған сай, барлығының құқықтары теңестіріледі. Сондай-ақ, педагог құқығы қызғыштай қорғалмақ. Яғни, оның жұмысымен жағаласпау, ар-абыройына нұқсан келтірмеу және оларды кәсіби жұмыстан тыс іске араластырмау. Бұл – заңмен бекітіледі. Ал, ережеге бағынбағандар жазаланады. Мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ