Қостанай облысында үш мектеп апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында үш мектеп апатты жағдайда тұр

08.04.2019

Қостанай облысында мыңға тарта оқушы білім алу үшін күнде бастарын қатерге тігеді. Себебі өңірдегі 3 орта мектептің ғимараты апатты жағдайда деп танылған. Олардың кейбіреуінде 400-ге тарта бала оқып жатыр. Апатты ғимаратта оқу қаншалықты қауіпті? Жаңасы қашан салынады? Дәуренбек Әбдібек баяндайды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Облыстағы үш апатты мектептің бірі - осы. Аманкелді ауданының орталығында тұр. Салынғанына жарты ғасырдан асқан ғимарат қарсы бетінен қарағанда сәл көне тартқаны болмаса, апатты жағдайда деуге келмейді. Ал, ту сыртынан қарағандағы көрініс мүлде басқаша. Қабырғасы жарылған, іргетасы үгіліп жатыр.

Ұстаздар өз күштерімен жамап-жасқап, әрлеуге тырысқанымен, ғимараттың іші де сүреңсіз. Еден төсеніштері қырық құрау, қабырғалары сыз тартып, көгерген. Инженерлік желісі тозғандықтан кейбір бөлмелер мүлде жылымайды. Жақтауынан жел гулеп пана болудан қалған терезелерге полиэтилен қағылған.

Төлеутай Құсайынова, мектеп директоры:

- Жаңбыр жауғанда төбеден су ағады. Ылғи ақтап отырамыз. Сонда да сарғайған жерлері бар. 2-3-ші қабаттардың төбесі толық жанғыш заттармен қапталған. Бұл да талапқа сай емес.

Яғни, өрт шығу қаупі жоғары. Ең сорақысы жылу қазандығы мектеп ғимаратына жапсарлас салынған. Талап бойынша мұндай нысан жеке орналасуы тиіс. Сондықтан Төтенше жағдайлар қызметі жылда білім бөліміне ескерту жасап, айыппұл салады. Үш мектепті де мамандар арнайы сараптама жасап, апатты жағдайда деп танығанына екі жыл өткен.

Бағила Ибрагимова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Осы апатты жою мақсатында Аманкелді, Әулиекөл, Қарасу аудандарында 320 орындық, әр ауданда, мемлекеттік тілдегі мектептерді салу жоспарланып отыр.

Бүгінде апатты мектептерді алмастыратын ғимараттардың жобалық-сметалық құжаты дайын. Алайда биыл құрлысқа қажетті 1 млрд теңгеден астам қаржы Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай мектебіне ғана бөлініп отыр. Қалған екі ауданда жаңа нысандардың қашан салынатыны белгісіз. Айта кету керек, аймақтағы 70 мектеп күрделі жөндеуге мұқтаж. Биыл 842 млн теңгеге соның 12-сі ғана қайта жаңартылады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу