Оралда оқушылар ауадан және көлік қозғалысынан электр қуатын алудың жолын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда оқушылар ауадан және көлік қозғалысынан электр қуатын алудың жолын ойлап тапты

19.02.2019

Жобаларын қағаз жүзінде қалдырып қоймай, патент алу үшін тер төгіп жатыр. Байқауларға қатысып, инвестор да тауып алыпты.

Кез келген уақытта ұялы телефонның қуаты таусылуы мүмкін. Не істеу керек? Оралдық өрен аялдамадан ұзамай-ақ жоба ойлап тапты. Ол үшін мына жасанды кедергінің астына осындай құрылғыны орнату керек. Жүйіткіген көлік механизмді басып өтеді. Одан электр энергиясы алынады. Сөйтіп аялдамаға қуат көзі тартылады.

Әзиздің есебінше, бір көліктің жүріп өтуі 2 Ватт энергия береді. Қуат көзінің көлемі көлік қозғалысына, жол жүктемесіне тікелей байланысты. Алынған энергиядан жаяу жүргінші жолы мен аялдамаға да жарық беруге болады. Механизмі өте қарапайым.

Әзиз Талапов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

- Бұл жерде 4 өте қуатты магнит орнатылған және олар бір-бірін итеріп тұр. Машина басқан сайын олардың арасындағы арақашықтық өзгеріп тұрады. Яғни, олардың әсерлесу күші өзгереді. Және осы әсерлесу бізге электр қуатын өндіреді. Оны жинақтап, түзетіп, аялдамаға бағыттаймыз.

Оқушылар ойлап тапқан тағы бір жоба - ауадан электр энергиясын алу. Әуелі олар атмосферадағы зарядталған бөлшектерден қуат алуға болатынын дәлелдейді. Кейін сол қуатты жинайтын макет жасап шығарды. Енді оны тұрғын үйдің қабырғасына орнатып, дәліз бен кіреберіске жарық беруге пайдаланбақ.

Талғат Молдашев, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

- Дәл осындай цилиндр, бірақ ол вертикальды орналасқан. Оның макетін қазір біз жасап жатырмыз. Егер осындай тұрба орнатсақ, ауа қарқынды түрде өтеді. Соның арқасында зарядталған бөлшектерді сіңіру арқылы әрдайым жұмыс істей алады.

Назарбаев мектебінде 7-сыныптан бастап әр оқушы ғылыми жұмыспен айналысуы немесе олимпиадаға қатысуы шарт. Сондықтан мұнда түрлі бағытта жоба жасап, патентке тапсырып, білім байқауларында инвестор тауып жүргендер көп.

Ғылыми жобадан нәтиже шығарған өреннің болашақта шетелдік не отандық үздік оқу орнына түсуге мүмкіндігі мол. Әсіресе, патенттелген өнімі болса, баланың бәсі биік.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу