Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейінде STEM-зертханасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейінде STEM-зертханасы ашылды

17.01.2019

Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейінде STEM-зертханасы, яғни, заманауи әмбебап зертхана ашылды. Бұл - оқушылар үшін инженерлік математика, роботтық техника, 3D үлгісінің бағдарламасы мен модельдеу бағытында ғылыми жобалар жасаумен айналысуға үлкен мүмкіндік. Заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттің ашылуына «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының басшылығы қатысып, жас өнертапқыштардың еңбектерімен танысты.

Жалпы, STEM атауы ағылшыннан аударғанда ғылым, техника, машина жасау және математика сөздерінің қысқартылған түрі. Теория мен тәжірибені ұштастырған сабақтың берері мол. Мамандардың айтуынша, бұл зертханалардың сыни ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға септігі мол. Балалардың командамен жұмыс істеуге, техникалық пәндерге қызығушылықтары артады. Ғалымдардың пайымдауынша, жастайынан осындай заманауи шеберханада білім алған өрендерден болашақта жоғарғы технологиялар саласының білікті мамандары шығады. 

Ерасыл Қуанышев,  5-сынып оқушысы:

- Мен осы экскаваторды өз сыныптастарыммен бірге жасадым. Бұл инженерия саласына жатады, су қысымымен жұмыс істейді. Басты мақсаты - аз күш жұмсап, ауыр нәрселерді көтеру.

Дархан Өте, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті:

- Теория мен тәжірбиенің бірігетін орындарында, осы STEM зертханасында балалар жалпы өмірде болып жатқан құбылыстар іс жүзінде қалай іске асып жатқанын, қазіргі IT саласындағы жаңалықтардың қалай дамып жатқанын көреді. Көптеген сұрақтарына жауап таба алады.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу