Халықаралық деңгейдегі түрлі білім жарыстарында жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдемен оралып жүрген жасөспірімдер аз емес. Бұл – олардың білім-ғылымды игеруге деген талпынысын көрсетсе керек. Жастардың инновацияға икемділігі де ерек. Тіпті үлкендердің ақыл-ойы жетпейтін тың технологияларды жасап шығаруда. Астаналық 10-сынып оқушылары Дулат пен Әлиханның жұмыстары - соның дәлелі.
Бұл – 16 жастағы Дулаттың ойлап тапқан тың технологиясы. Арбаға қойылған құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қозғалысына мүмкіндік бермек. Дөңгелекті айналдыратын екі қолдың қызметін енді мына үш тетік атқарады. Оңға, солға бұрылу да – оңай.
Дулат Әміржан, 10-сынып оқушысы:
- Әлемдік нарықта шығаратындар - тым қымбат. Оның ең арзаны 200 мың теңге. Егер біз сатылымға шығаратын болсақ, өз бағасы 50-60 мың теңге болады. Бұл – тиімдірек.
Ал, мына ақылды таяқ – Әлиханның төл туындысы. Ол – зағип және нашар көретін жандардың көшеде жүруін жеңілдетеді. Алдағы бөгетке бір метр қалғанда роботталған таяқ дыбыс шығарып, белгі береді.
Әлихан Рахметов, 10-сынып оқушысы:
- Қашықтықты компьютер арқылы реттеуге болады. Құрылғы қашықтықты 5 метрге дейін сезе алады.
Жас өнертапқыштар инновациялық жобаларды іске асыруға 1 ай уақытын жұмсапты. Қарапайым материалдарды қолданған. Артықшылығы сол - тиісті құрылғыларды кез келген таяқ пен арбаға орнатуға болады. Ерек еңбектер «Nurintech» бәйгесінде үздік деп танылды.
Ерлан Шайхымбаев, Crowdsale Network платформасының құрылтайшысы:
- Біздің платформа халықаралық деңгейде стартаптарға инвестиция тартумен айналысады. Осы байқауда біз бірнеше жобаны байқадық. Жастармен таныстық. Әрі қарай солармен жұмыс жасамақ ойымыз бар.
Мүгедектерге қажет құрал-жабдықтар қолданысқа енсе, қолжетімді бағаға сатылмақ. «Оны жүзеге асыруға қолдау табылса», дейді жас өнертапқыштар.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.