Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандарында білім және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Мысалы, тек Күршім ауданында бүгінде 100-ден астам жұмыс орны бос тұр. Жергілікті билік мұғалімге де, дәрігерге де, бизнес бастаймын, шаруашылықпен шұғылданамен дейтін жандарға да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін айтып отыр.
Талдықорғанның тумасы Әсел Құрымбай шығыс өңіріне «Серпін» бағдарламасы бойынша келген. Қазір Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің 2-курсында. Дамуында тежеу бар балаларға көмек көрсететін мамандықты меңгеріп шықса, жұмыссыз қалмайтынына сенімді.
Әсел Құрымбай, 2-курс студенті:
- Дефектология мамандығы қалада да, ауылда да керек мамандықтардың бірі. Ауылға барсам да мен жұмыс табамын. «Серпін» бағдарламасы бойынша студенттер көбінде ауыл жақтан келеді. Бізге 3 жыл жұмыс істеу туралы шарт қойылды және мен 3 жыл ауылда жұмыс істеуге ешқандай қарсылығым жоқ.
Ауылға барғысы келетін жастар жоқ емес,бар. Тек үгіт-насихат кемшін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Күршім ауданының басшылығы мен ақсақалдары Өскемендегі студенттермен арнайы кездесті. Ерен еңбегімен танылған қазыналы қариялар жастарға білген-түйген ақылын айтты.
Советхан Сқақов, еңбек ардагері:
- Ауыл деген үлкен мектеп. Бұл мектептен өтсе, жан-жақты, үлкен тұлға болып тәрбиеленеді. Қалаға барса, басқа жерде қызмет істесе де, ауылдың дәмін татып, сол жерде еңбек етіп, ауылдың тұрмыс жағдайын көрген. Ұлттық тәрбие деп жатырмыз ғой, соның барлығы біздің ауылдан басталады.
Қазір Күршім ауданында 103 жұмыс орны бар. Мектептерге ағылшын тілі, математика, тарих, информатика, физика пәні мұғалімдері қажет. Медицина мамандары, ветеринарлар тапшы. Бір сөзбен айтқанда, жас кадрға жұмыс табылады, мемлекет тарапынан да жан-жақты көмек көрсетілмек.
Дулат Қажанов, Күршім ауданының әкімі:
- Дипломмен ауылға баратын жастарға 168 мың теңге ақша беріледі және үй алу үшін мемлекет несие береді. 0.01 пайызбен 3 миллион 608 мың теңге көлемінде үй сатып алу үшін қаржы бөлінеді.
Көшіп келген маман баспана іздеп қиналмайды. 96 үй бос тұр. Ауданда, әсіресе,ауыл шаруашылығымен шұғылдануға мүмкіндік көп. Бүгінде жалпы аумағы 900 мың гектардан астам жер бос жатыр. Өңірдің туристік әлеуеті де мол. Аудан басшылығы осы салаларды бірігіп игерсек деген ниетпен жастарды елге шақырды. Кездесу соңында ауылға маман тарту бағытында университетпен әріптестік меморандумы бекіді.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.