«Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланып жатыр

30.11.2018

Бұл - Елбасы Жолдауындағы тапсырмалардың бірі. Сол бойынша жұмыс тобы құрылып, оның құрамына депутаттар, мемлекеттік орган және Кәсіподақ ұйымының өкілдері кірді. Қазіргі уақытта заң жобасы жазылуда. Алайда, ведомствоаралық комиссиядан өткен жағдайда қаңтар айында Мәжіліске жіберіліп, мамыр-маусым аралығында қабылданады. 

Рахиләның негізгі мамандығы - мұғалім. Аудан мектебінде өзін-өзі тану пәнінен 2 жыл сабақ берген. Алайда, жүктелген жұмыстың ауқымына, қағазбастылыққа қарап, ұстаздықтың оңай кәсіп емес екендігін түсінген.

Рахилә Сейтмағанбетова, қала тұрғыны:

- Қағазбастылық көп болды. Таңертеңнен кешке дейін қағаздан басыңды көтермейсің. Жалақысы өте аз. Осы жылдан бастап Астана қаласына көшіп келдім. Қызметімді ауыстырдым.

Қадірі кетіп бара жатқан қызметті ауыстырған тек Рахилә емес. Елімізде білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандардың 35 пайызы бір жыл өте жұмыстан шығып кетеді екен. Жаңа заң жобасында да осы мәселелерге ден қойылды. Яғни, мұғалімдердің еңбек құқықтарын, мүдделерін қорғап, жалақысын көтеру қажет делінген.

Айгүл Мұқашева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары:

- Ұстаздың ең бірінші міндеті - балаға білім беру. Қазіргі таңда жергілікті органдардың өкілдері мұғалімдерді басқа, өздеріне сай емес жұмыстарға мәжбүрлейді. Газетке жаздырады, сенбіліктерге шығарады, сайлауларға қатыстырады. Оның бәрін де заң жобасына қостық.

Бұдан өзге, педагогтардың медициналық тексерістен тегін өтуін енгізу ұсынысы айтылды. Сондай-ақ, ғылыми атағы бар мұғалімдерге үстемақы беру жайы қарастырылды.

Елдос Нұрланов, Астана қаласы Гуманитарлық колледжінің директоры:

- Біліктілікті арттыру курстарын бес жылда бір рет емес, үш жылда немесе жыл сайын, бірақ, белгілі бір мөлшерде өткізу керектігін көрсететін жүйені енгізуді ұсынамыз. Себебі, жаңартылған мазмұн еніп жатқан кезде мұғалімдер үшін өзінің біліктілігін бес жылда арттыру аздық етеді. Тіпті үш жылдың өзі аз. Сондықтан, мүмкіндігінше оны ұдайы жасау керек.

Мұғалім мәртебесін көтерудің тағы бір жолы - үздіксіз 30-35 жыл қызмет еткен мамандарды бірден зейнетке шығару. Келер жылдың жазында қабылданар заңда қандай артықшылықтар болатыны әзірге белгісіз. «Алайда, бұл бастамалардың арқасында ұстаздық етуден жалықпайтындар көбейері сөзсіз», - дейді мамандар. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу