Қостанай облысының Рудный қаласындағы №19 орта мектепте пластик қалдықтарын өңдеу шеберханасы ашылды. Соның арқасында балалардың қайта өңдеу тәсілімен танысып, қалаған дүниесін қалдықтан өздері жасауларына мүмкіндік туып отыр. Бұл құрылғы білім ордасына оқушылары қалалық «ЭкоФест» фестивалінде жеңіске жеткені үшін сыйға берілген.
Шаш жуатын сұйық, иогурт, шырын, ыдыс жуатын ұнтақ. Мұның бәрі пластик ыдысқа салынады. Ішіндегісін пайдаланып болған соң ыдысты қоқысқа тастаймыз. Алайда, бұлар шірігенше жүздеген жылдар өтеді. Осылайша, пластик қалдықтар әлем бойынша үлкен экологиялық проблема тудырып отыр.
Бүгінде бұл түйткілді шешудің екі жолы бар. Оның бірі пластикті тұрмыста қолданудан мүлде бас тарту. Екіншісі, қайта өңдеуді қолға алу. №19 мектептің оқушылары екінші бастаманы қолдайды. Тек теория жүзінде емес, іс жүзіне асыруға талпынып жатыр.
Ақмарал Әбіраманова, оқушы:
- Пластик мүлдем болмаса өміріміз біртүрлі болып қалады. Барлық мектепте біздің мектептегідей аппараттар болу керек. Себебі, пайдаланған затты әкеліп, оны өңдеп табиғатты ластамау керек.
Абылайхан Асанбаев қазір өзі пайдаланған пластик заттарды қоқысқа тастамайды. Жинап, мектепке алып келеді. Өзге сыныптастарымен бірге ол да «ЭкоФест» байқауына қатысқан. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау тұрғысынан көкейіне көп нәрсе түйіп қайтты.
Абылайхан Асанбаев, оқушы:
- Ең алдымен қаладағы жарнама ілетін жерлерге табиғатты ластамау туралы көптеген жарнама іліп қою керек. Сонымен қатар, осындай фестивальдар ұйымдастырып, балаларды табиғатты қорғауға шақыру керек деп ойлаймын.
Шеберханадағы құрылғылар өндірістік желінің шағын көшірмесі. Мұнда қалдықты алдымен ұнтақтап, балқытып, одан түрлі бұйымдар жасауға болады. Балалар шағын шеберханаға шикізатты да өздері жинайды.
Гүлжазира Смағұлова, мектеп директоры:
- Біз сенбілік ұйымдастырамыз. Сенбілік кезінде оқушылар қала көшелерінен тұрмыстық химия қалдықтарны жинайды. Содан өздері өңдеп, қажетті тұрмыстық бұйымдарды жасайды.
Шеберханадағы жұмыс орта буын оқушыларға қосымша сабақ ретінде жүргізіледі. Оған балалар ерікті түрде қатысады. Бұл - еліміз бойынша мектеп ішінен ашылған алғашқы қалдық өңдейтін орын.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
