Оқу ордасы «ІТ мектеп-лицейі» деп аталады. Білім ордасы 900 орынға шақталып салынған. Бұл Тәуелсіздік алғаннан бері қалада тұрғызылған алғашқы білім ордасы.
«Сарыарқа» Көкшетаудағы жаңа аудан. Жыл сайын жаңа үйлер бой көтеріп, тұрғындар саны артып келеді. Сондықтан, әлеуметтік нысандардың қажеттілігі жоғары. Мектеп те осы мөлтек ауданда салынды. Оның құрылысына 1 миллиард 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Әйгерім Қошанова, ІТ мектеп-лицейі директорының орынбасары:
- ІТ мектеп-лицейінің басқа мектептерден ерекшілігі, бұл жерде Елбасымыздың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде оқушыларға химия, биология пәндері бойынша зерттеу жүргізуге мүмкіндік беру. Бәсекеге қабілетті тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
Білім ордасында зертханалар, 3D модельдеу кабинеттері де бар. Мұғалімдер толығымен жасақталған. 800-ден астам оқушы қабылданды.
Ермек Рашидов, оқушы:
- Еліміздегі тұңғыш ІТ-мектебі білім беру саласындағы реформалардың жемісі деп білемін. Біз үшін осындай мектептің түлегі болу мәртебе, үлкен мақтаныш. Осы мектептің атынан түрлі жарыстарға қатысып, келешекте еліміздің мақтанышы бола беруге біз әрдайым дайынбыз.
Жаңа оқу жылында жалпы, өңірде 4 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бастан-аяқ жөнделген оқу орындары да бар.Солардың бірі - Сандықтау ауданына қарасты Максимовка ауылындағы мектеп. Ғимаратты жөндеуге 80 миллион теңге жұмсалған. Биылғы оқу жылында Ақмола облысы бойынша 120 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Оның 14 мыңы мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндер.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.