Атырау өңірінде үш ауысымды мектептер азаяр емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау өңірінде үш ауысымды мектептер азаяр емес

04.09.2018

Атырауда үш ауысымды мектептер саны азаюдың орнына көбейіп барады. Өткен жылы 9 білім ошағы болса, биыл олардың саны 15-ке  жеткен. Бұл жайт оқушыларды да, ата-аналарды да әбден титықтатып жіберді. 

Ашылғанына жарты ғасыр болған Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп үш ауысыммен оқытуға мәжбүр. Бүгінде 600 орындық нысанда 2000-нан астам оқушы қысылып-қымтырылып білім алуда. Мұғалімдер бөлмесі мен кітапхана залы, оқу сыныбына айналған.   

Әсем Қоңырова, тұрғын:

- Мектеп өте тар. Оқушылар көп.

Баян Зарипова, зейнеткер:

- Сыныпта парта жетпей жатады. Бір партада 3-4 оқушыдан отырады. Ол жаза да алмайды. Сыза да алмайды. Былтыр осы мектепке жапсырма салады дегенді естігеніміз бар. Ол да үн-түнсіз қалды.

Үш ауысымда оқытуға мектеп мұғалімдері де қарсы. Олардың пікірінше, оқушы санының шамадан тыс көптігі білім сапасын ақсатады. 

Ақсұлу Салиева, Атырау қалалық Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептің директоры:

- Үш ауысымның кедергілері өте көп. Мәселен, бір сыныпта норма бойынша 25 оқушы болатын  болса, біз 38, 40, 42 оқушыдан отырмыз.

Өңірде тіпті  іргетасы 1936 жылы қаланған ескі мектепте оқып жатқандар да бар. 4 білім ошағы апатты жағдайда. Бүгінде оның үшеуі жабылып, оқушылары өзге мектептерге ауысты. Қалада мүлдем мектебі жоқ мөлтек аудандар да бар.

Өңірде 5 мектеп салынып жатыр. Бірақ, әзірге құрылыстың нақты қашан аяқталатыны белгісіз.

Сонымен, қалада биыл үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіле қояр емес. Мемлекеттік сараптама құптаса ғана, 8 білім ордасының құрылысы басталмақ. Ал, жақын арада пайдаланылуға берілетін дайын нысан жоқ.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу