Бурабайда жас ғалымдардың халықаралық форумы өтіп жатыр. Оған еліміз бен шет мемлекеттерден келген 100-ден астам ғалым қатысуда. Форум аясында туризм, ауыл шаруашылығы, еуразиялық кеңістіктегі білім мен ғылым саласындағы байланыс және физика мен ғылымды талап ететін технологиялар жайы талқыланды.
Жас ғалымдардың «Бурабай Форумы» осымен екінші рет өтуде. Былтыр форум Қазақстан мен Ресей ғалымдары үшін ғана ұйымдастырылған еді. Биыл ауқымы кеңейді, 9 елден ғалымдар келді.
Ермек Тоқтаров, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ғылым жөніндегі кеңес мүшесі:
- Жас ғалымдарға пікір, ақпарат алмасуға, сонымен қатар, халықарылық бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыруға жол ашады.
Жас ғалымдар мемлекетаралық байланыстарды бекемдеуге ниетті. Әрқайсысы өз елінде болып жатқан өзгерістерді өзге елден келген әріптестерімен бөлісуде.
Андрей Котельников, Ресей ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:
- Кейбір мемлекеттер арасындағы байланыста проблемалардың бар екені жасырын емес. Оның бірнеше себептері бар. Ол әрине, бірінші кезекте тарихи оқиғалар. Ал, жас ғалымдар деңгейінде бұл қатты сезіле қоймайды. Сондықтан, ғылыми дипломатия өте қажет деп есептеймін. Себебі, біздің елдердегі мәселелер ұқсас келеді.
Бурабай туристік әлеуеті жоғары аймақ. Өңірде бұл саланы дамыту үшін біраз қадамдар да жасалуда. Алайда, әлі де кемшін тұстар жоқ емес. Жарнаманың жетіспеуі бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Сондықтан, жұмыстарды жетілдіруге жас ғалымдар үлес қоспақшы.
Саябек Зиядин, әл-Фараби атындағы ҚҰУ Экономикалық зерттеулер орталығының директоры:
- Неше түрлі сайттар құрылып, жай ақпараттық деңгейде қалып жатыр. Олардың арасында цифрландырудың қазіргі кездегі дамыған, инновацияланған формалары енгізіліп жатқан жоқ. 3D тур арқылы белгілі бір сайттарға салып отыратын болсақ, біздің келушілердің көлемі артатын еді.
Мемлекеттің ғылым саласына деген қолдауы да сөз болды. Көрші елдерден келген делегаттар Қазақстандағы бастамаларға оң бағаларын берді. Мәселен, келер жылы елімізде жас ғалымдарға арнайы гранттар бөлінбек.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен осы жас ғалымдардың баспана мәселесін шешу қолға алынды. Сөйтіп, 2017 жылдың қорытындысы және 2018 жылдың басында жас ғалымдарға пәтер бөлу мәселесі қарастырылды. Қорытынды бойынша жас ғалымдарға 120 пәтердің кілті тапсырылды.
Форум сенбіге дейін жалғасады. Жас ғалымдар тақырыптар бойынша пікір алмасу алаңдарында жұмыс істеп, кейін арнайы қарар қабылдамақ.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.