Жаңа оқу жылында 2000 мектепте кей пәндер ағылшынша үйретіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа оқу жылында 2000 мектепте кей пәндер ағылшынша үйретіледі

14.06.2018

Жаңа оқу жылы еліміздегі мектептердің 41 пайызы үшін сын кезеңі болмақ. Екі мыңға жуық білім ошағында оныншы, он бірінші сынып оқушылары кейбір ғылыми пәндерді ағылшынша оқи бастайды. Бұл сандар «Нұр Отан» партиясы Білім және ғылым комиссиясының отырысында белгілі болды. Жиынға қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Асқар Аймағамбетовтың айтуынша, бірінші қыркүйекке дейін 7000 мұғалім жаңаша сабақ беруге дайын болады.

Одан кейінгі меже 2019-2020 оқу жылына қарай мектептердің 60 пайызы мен 12 мың педагогты дайындап үлгеру. Дегенмен, басты мақсат сан емес, сапа. Ол үшін дайындық жұмыстары бес бағыт бойынша жүріп жатыр. Олар: химия, биология, физика және информатика мұғалімдерін қайта даярлау, ағылшын тілі ұстаздарының біліктілігін арттыру, мектептерде үйірмелер ашу, оқулықтар даярлау және болашақ ұстаздарды университет қабырғасынан бастап жаңа жүйеге дайындау. Соңғы бағыт бойынша қазір 5000 студент білім алып жатыр. Министрліктің оптимистік мәліметтеріне қарамастан, комиссия мүшелері күдіктерін де жасырмады. 

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тілді үйретеміз, жаңашылдыққа ереміз деп, баланың миын қойыртпаққа айналдырып, одан дүбәра шықпасына кім кепіл?! Мұғалімнің өзі білімін бес жылда алып шығады, бірақ, тоғыз айдың ішінде қалай білікті болып шығады? Міне, бұл жағын да саралау керек.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу