Осы аптада 800-ден астам студент еліміздегі ең беделді оқу орындарының бірі Назарбаев Университетінің дипломын алады. Халықаралық стандарттарға сай білім беретін университет 8 жыл бұрын құрылып, 2014 жылы алғашқы түлектерін ұшырды. Университетті таңдаған жастардың саны да жылдан жылға артып барады. Бүгін Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу оқу жылының аяқталуына орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Аслан Табылдиев биыл Назарбаев Университетін тәмамдайтын 811 студенттің бірі. Инженерия мектебінің үздік түлегі. Аз күнде халықаралық деңгейдегі маман атанады. Білімді бакалаврды бірнеше елдің университеті магистратураға түсуге шақырған. Аслан АҚШ-ты таңдапты.
Университетті биыл төртінші рет түлектер бітіріп шығады. 810 бітірушінің 506-сы бакалавр, 302 магистр, 3-еуі докторант. Бакалаврдың көбі Ғылым және технологиялар мектебі мен Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде оқыған. Бітіруші түлектердің ішінде шетелдік студенттер де бар. Бірақ, олардың үлесі әзірге 1 пайыздан аспайды.
Шигео Катсу, Назарбаев Университетінің президенті:
- Студенттер санын арттыру туралы Президенттің тапсырмасы бар. 2025 жылға қарай жалпы студенттер саны 8000 мыңға жуықтайды. Оның 5000-нан астамы бакалаврлар болады. Өңірлерге келетін болсақ, биылғы түлектердің ішінде Алматы мен Астананы айтпағанда Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының тұрғындары көп.
Университет ұжымы 2025 жылға қарай студенттер санын еке есеге арттырмақ. Ол үшін жаңа корпустар мен жатақханалар салынуда. Айта кету керек, оқу ордасындағы оқытушылық құрамның төрттен үші шетел азаматтары.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ