Ғасырлық тарихы бар қара шаңырақта 1299 оқушы білім алады. Соның 68-і бүгін алтын ұямен қоштасты.
Білім ошағы 1918 жылы алғаш рет ұлдар мұсылман мектебі болып ашылған. Содан бері мыңдаған шәкірт білім алды. Биыл 100-рет соңғы қоңырау соғылды, 100-ші түлек үлкен өмірге қанат қақты.
Жүректері алабұртқан түлектердің бойында қобалжу, толқу бар. 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған балғындар қазір бозбала мен бойжеткенге айналған.
Аружан Әбілқади, жас түлек:
- Мен осы мектептің 100-ші жылғы түлегі болғаныма қуаныштымын. Ұстаздарыма алғысымды білдіремін. ҰБТ-дан жоғары балл алсақ деген тілегіміз бар. Ата-анамыздың, мектебіміздің, ұстаздарымыздың үмітін ақтауға тырысамыз.
Ұстаз үшін де бүгін айрықша күн. Сәуле Әлденова - «Үздік педагог-2017» байқауының жеңімпазы. Осымен екінші мәрте өзі тәбиелеген шәкірттерін алтын ұядан ұшырды.
Сәуле Әлденова, 11-сынып жетекшісі:
- Шәкірттер үшін күні-түні жұмыс істейміз, жақсы азамат болып қалыптасуларына уақытымызды арнаймыз.
Білімнің қара шаңырағына 2003 жылы жазушы, драматург, сатирик, осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджановтың аты берілді. Гимназия статусына ие болды. Тарихы терең қара шаңырақтан небір айтулы азаматтар білім алып, ел дамуына үлес қосты. Оған дәлел ретіндегі мұрағаттық құжаттар мектептің музейіне қойылған.
Данабек Әбдраимов, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия директоры:
- Академик Шахмардан Есенов, Парламенттің екі мәрте депутаты болған Әбдіжәлел Бәкір, медицина ғылымдарының білгірі Тұрғанбай Маханов ағаларымызды біз әрдайым мақтанышпен айтып отырамыз. Биыл мектебімізді 68 түлек бітіреді. Осы 68 түлектің үшеуі «Алтын белгі», бесеуі «Үздік аттестатқа» үміткер.
Бүгін мектеп бітірушілер жүректі тебіренте ән салып, қоштасу вальсін биледі. Балалық шақты артта қалдырған жас түлектерді алда үлкен өмір күтіп тұр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ