Тура бір жыл бұрын «Оқушылардың үй тапсырмасын реттеу туралы» бұйрық шығып, оқу үрдісіне өзгеріс енгізілді. Білім және ғылым министрлігі балалар жүктемесі едәуір қысқартылды деп мәлімдеді. Алайда, кей ата-аналар жағдайдың өзгермегенін айтады. Президент биылғы Жолдауында «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын» айтқан еді. Әрі дамыған елдерге қарағанда үй тапсырмасы үштен бір есеге көп екенін тілге тиек етіп, оны төмендету жайлы тапсырма берді.
Ғайша 6-сыныпта оқиды. Оқу озаты. Үй тапсырмасын орындағанды жақсы көреді. Бірақ, «қиналатын кездерім болады», - дейді. Әр сабақтың жүктемесі әрқилы. Әсіресе, гуманитарлық пәндерден үй жұмысы көп беріледі екен.
Ғайша Аманжол 6-сынып оқушысы:
-Үй тапсырмасы көп берілетін күндер болады. Бір сабақта бүкіл ережелерді, жаттығуларды жазуға үлгермей қаламыз. Содан кейін апайлар бізге үй жұмысына бірнеше есеп, бірнеше параграф береді. Ережелер жазу керек.
Үй тапсырмасының көп берілуі – миға ғана салмақ емес, денеге де артық жүк. Бір күнде 6-7 сабақ боларын ескерсек, қоржын оқулықпен қоса, қосымша кітап-дәптер, оқу құралдармен де толады.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
-Оқушыға үй тапсырмасының көп берілуі оның физикалық тұрғыдан да жүктемесін арттырады. Қазір біз Ғайшаның сөмкесін өлшеп көрейік. Мінекей, 5 келіден асты. Яғни, 6-сыныпта оқитын оқушы сөмкесінің салмағы 5 келіден артық.
Ал, 4 жыл бұрынғы Білім және ғылым министрлігі бекіткен стандарт бойынша оқушының сөмкесі 1-3-сыныптар үшін 1,5-2 келіден аспауы тиіс. 4-5-сынып – 2-2,5, 6-7-сыныптар - 3-3,5, 8-9-сынып ұл-қыздарының сөмкесі 4-4,5 келіден артық болмауы керек.
Яғни, 6-сыныптағы Ғайша 2 келідей артық жүк арқалап жүр. Бұған дене шынықтыру сабағына қажетті спорттық аяқ киім мен жейдені қоссақ, бала сөмкесі одан сайын ауырлайды. Бұдан бөлек, біз ата-аналардан үй жұмысын орындауға жұмсалатын уақытты да сұрап көрдік. Айсұлудың ұлы 3-ші, қызы 2-сыныпта оқиды. «Кей кездері үй тапсырмасын орындауға 4 сағат уақытымыз кетеді», - дейді олар.
Айсұлу Жаппарова қала тұрғыны:
-Иә, 7-8-ге дейін оқитын кездеріміз болады. Кейде түнгі сағат 12-ге дейін оқимыз. Оны жасырмаймын. Үй тапсырмасы тым көп берілмесе деп ойлаймын. Орташа берілуі керек.
Өткен жылы білім саласына өзгеріс енгізіліп, үй тапсырмасын орындауға кететін уақыт қайта қаралды. Мәселен, бірінші сыныптарға үй жұмысы берілмейді. Ал 2-сыныптың оқушылары үй жұмысын орындауға 50 минуттан артық уақыт жұмсамауы керек. 3-4-сыныптарға - 70 минут, 5-6-сыныптарға - 90, 7-9 оқитындары - 110 және 10-11-сынып оқушылары 130 минут қана. Яғни, үй жұмысын орындауға кететін уақыт 2 сағаттан аспауы керек. Бірақ, әлеуметтік желіде пікір жазған ата-аналар «бұл талаптың орындалмайтынын» айтады.
Яғни, өткен жылы шыққан бұйрық орындалмай жатыр. Президенттің үй тапсырмасын азайту туралы биылғы Жолдауында берілген тапсырмасы да жауапсыз қала ма деген ой келеді. Өйткені, Білім және ғылым министрлігіне осы сұрақпен екі рет хат жібердік. Жауап жоқ. Тіпті, «жауап беруден бас тартты» деп жаза жіберіңіз», - дейді министрліктің баспасөз қызметі. Баланың денсаулығына қатысты хатты жауапсыз қалдырған министрлік оның болашағына да жүрдім-бардым қарай ма деген ой көңілімізді күпті етеді. Амал жоқ, құзырлы орын ұйқысынан оянғанша, Ғайша секілді оқушылар зілдей сөмкелерін иығына асып, имейген күйі мектепке баруға мәжбүр.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ