Алматыда жас өнертапқыштардың байқауы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жас өнертапқыштардың байқауы басталды

13.04.2018

Әлемнің 500-ге жуық жас өнертапқышы Алматы облысында бас қосты. Олар Сүлеймен Демирел атындағы университетте басталған «Infomatrix-Asia» - халықаралық компьютерлік жобалары байқауына қатысып, бақ сынамақшы. Ақпараттық технология саласындағы бұл ауқымды шара Білім және ғылым министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Алтыншы халықаралық білім жарысына әлемнің 15 елінен 500-ден астам жас өнертапқыш келді. Олар 1000-ға жуық үміткердің ішінен іріктелген үздіктер. Ақпараттық технология саласында өзгелерден оза шапқан оқушылар цифрландыру бағдарламасына арналған 300-ден астам түрлі жобаны әкеліпті.

Мейірбек Мажитов, С.Демирел университетінің президенті:

- Бүгінгі іс-шарамыз Қазақстанды цифрландыру жобасы аясында өткізіліп жатқан өте маңызды іс-шара деп санаймыз. Өйткені, оқушыларымыз тек қана қазақстандық емес, шетелдік әріптестерімен пікірлесіп, тәжірибе алмасады.

Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер робототехника, бағдарламалау, компьютерлік графика, дрондар жарысы мен математикалық есептер сияқты жеті бағыт бойынша жобалар жасаған. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік жастардың бірі Назерке Қыдырбаева. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қол протезін жасаған. Оның ерекшелігі сол, жасанды буындарды адамның қан қысымына байланысты қозғалтуға болады.

Нәзира Қыдырбаева, байқауға қатысушы:

- Мен қысым датчигін өз қолыммен жасағандықтан, бұл басқа протездерден бірнеше есе арзан болады. Яғни, мұндай жұмылу және ашылу сигменттерін оңай жасайтын протездердің минималды бағасы 500 мың теңге. Ал, менікінің бағасы 100 мың теңге болады. Яғни, 400 мың теңгеге арзан. Бұл жерде қысым датчигі өз қолымнан, 3D принтерден шығарылған және барлық бағдарламасын өзім жасадым.  

Ғылым мен технологияның жаңа жетістіктері ұсынылған жарыс үш күнге созылады. Барлық номинация бойынша топ жарған ең мықтыларға Демирел университетінің 100 пайыздық мемлекеттік білім гранттары табысталады. Ал, қалған жүлдегерлерге 50 пайыздық жеңілдік беріледі.

 

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу