Жатақхана тапшылығы мен шәкіртақының аздығы, емтихандардың жеңілдігі мен өзге де мүмкіндіктер. Көрші елдердің жоғары оқу орындарына ағылған абитуриенттердің саны азаяр емес. Бұл мәселе бүгін «Нұр Отан» партиясында өткен жиында арнайы талқыланды. Соңғы үш жылда мектеп бітірген түлектердің 11-13 пайызы Ресей оқу орындарын таңдаған. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысынан жыл сайын мыңға жуық түлек немесе мектеп бітіргендердің 25 пайызы көрші елге білім іздеп кеткен. Қалған шекаралас облыстарда да осыған ұқсас жағдай.
Мысалы, Павлодар облысынан Ресей оқу орындарына 2016 жылы 638 түлек түссе, былтыр 623 мектеп бітіруші кеткен. Ал, Батыс Қазақстан облысында Ресейден білім іздеген жастардың саны үш жылда үш есе өскен. 2015 жылы 85 отандасымыз Ресейге білім іздеп кетсе, былтыр бұл көрсеткіш 269 адамға жектен. Көрші елге ағылудың басты себептерінің ішінде шетелдік тегін білім алу мен емтихандардың болмауы және әлеуметтік жеңілдіктер мен тарихи отанына оралу мәселесі аталды. Бұл мәселе бүгін «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылған комиссия отырысында талқыланды. Мәселе алдағы уақытта құқықтық тұрғыдан шешілмек.
Серік Өмірбаев, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры:
- Ресей ЖОО-на біздің қазақстандықтар түссе, оларды жатақханамен қамтамасыз етеді. Олардың тағы бір жақсы жері - шәкіртақы алу мәселесі жақсы шешілген. Біз оған қазір өзіміздің мүмкіндігімізше жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрбір 11-сыныптың оқушысымен кездесіп, оларға университет туралы айтамыз. Өзіміз барамыз, өзімізге шақырамыз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ