Шығыс Қазақстан облысының оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында 1 жалпы командалық орынға ие болды.Олар 4 алтын, 8 күміс, 15 қола медаль ұтып алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша конкурс жыл сайын Алматы қаласында ұйымдастырылып, еліміздегі жас ғалымдардың басын қосады. Аталған білім жарысына биыл Шығыс өңірінен 55 шәкірт қатысып, 2018 жылдағы «ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Білім сайысының негізгі мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық белсенділігін арттыру. Алматыдан жеңіспен оралған жеткіншектерді ұстаздар мен ата-аналары темір жол вокзалынан сән-салтанатпен қарсы алды. Ғылыми жобалар конкурсында еліміздің барлық облысынан 9-11-сынып оқушылары қатысқан болатын. Жас ғалымдардың көбі байқауға өмір сапасын жақсартатын жаңа теxнологиялар жөнінде тың жобаларын ұсынған. Өскемен теміржол вокзалына жүзден астам адам жиналып, жүлдегерлерге құрмет көрсетті.
Мөлдір Қанашева, 11-сынып оқушысы:
- Химия секциясы бойынша республикалық сайыста 1-орынға ие болдым. Жобаға жалпы 2 жылдай дайындалдым. Бұл жерде, біріншіден, университет мұғалімдерімен, екіншіден, Риддердегі «Казцинк» металлургиялық кенішіндегі жұмысшылармен жан-жақты дайындалудың арқасында осындай жетістіккке жеттім.
Жанна Оразғалиева, өңірлік ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары:
- Балалар өздерінің жобаларын қорғап, білім деңгейлерін көрсетті. Зерттеу жұмыстарына қаншалықты ыңғайы бар екені анықталды. Қазылар алқасы біздің оқушыларға жоғары баға берді. Осылайша, балалар биылғы жылдың ең үздік командасы екенін дәлелдеді.
Айдана ДАЙЫРОВА