Ұстаздарды ағылшынша оқытуға қаражат орынсыз жұмсалып жатыр. Бұдан гөрі апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешкен дұрыс еді. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова өткен аптада үш тілділік реформасының жүйесіз жүріп жатқанын сынға алып Премьер-министрдің атына сауал жолдағаны еді. Алайда, осыдан кейін көп ұзамай журналистермен кездесу өткізген Білім және ғылым министрлігінің өкілі барлығы ойдағыдай өтіп жатқанын айтты.
Ержан информатика пәнінің жоғары санатты мұғалімі. 20 жыл еңбек өтілі бар. Бірақ, үш тілділік жүйесі енгелі бәрін жаңадан бастағандай болып жүр. Себебі, ағылшын тілінен қайта даярлаудан өтті. Дегенмен, «шет тілін жетік меңгеріп оқушыларға жеткізе білу үшін бірнеше ай жеткіліксіз», дейді.
Ержан Қасымов, №66 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі:
- Біз мұғалім болған соң жас маман болсын, тәжірибелі мұғалім болсын әдістеме мен тілді бірге меңгеріп кету өте қиын деп ойлаймын. Себебі, жас маман өзінің пәнінен жақсы маман ретінде танылуы үшін көп жыл керек. Ал, жасы келіп қалған мұғалімдерге ағылшын тілін тез алып кету өте қиын. Сол екеуі қиыншылық тудырады.
Профессор Таңат Аяпованың да пікірі осыған саяды. Яғни, техникалық пәндерді өзге түгіл өз ана тілінде еркін оқыту екінің бірінің қолынан келмейді. «Енді оны шектеулі мерзімде игеру тіпті мүмкін емес», - дейді ғалым.
Таңат Аяпова, Абай атындағы ҚазҰПУ кәсіби шетел тілі кафедрасының меңгерушісі:
- Адам баласының миына қонып, былайша айтқанда білім жиналып, оны коммуникацияға қолдану үшін, автоматты деңгейге жетіп, жағдаяттарда қолдану үшін кемінде 1 ай уақыт керек. Ол білім қону керек, ол сөйлей білу керек. Сонда әр деңгейге бір айдан жіберсек екі ай. Үш айда өзінің мамандығына қатысты меңгеріп шығады дегенге менің күмәнім бар. Ол жетіңкіремейді.
Бұл мәселенің бір қыры ғана. Үш тілділікті енгізу үшін 2016-2017 жылдары республикалық бюджеттен 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. 2020 жылға дейін қосымша қаражат тағы қаралған. Оның үстіне ағылшыншаны үш айда меңгермегендер қайта оқытылады. Бұл да қосымша қаржыны талап етеді. Дегенмен, брифингте сөз сөйлеген жауапты маманның да айтары бар.
Шолпан Қаринова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры:
- Егер де мұғалімдердің тиісті деңгейі бар болмайтын болса, онда оқушылардың таңдауы бойынша әр оқушының алдында, әр мектептің алдында өз оқыту тілінде жүргізу мүмкіншілігі бар.
Сайттарды ашсаң, ашулы ұстаздардың ұстамынан айырылғанын аңғарасың. Бәрін тізбектеп жатпай-ақ тек бүгінгісін көрсетейік. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке әр өңірдегі мұғалімдер бірауыздан хат жолдапты.
Онда 10-нан аса талап пен тілек баяндалған. Ал, ең басында «үш тілді жаңа реформа кіргелі мектептерде әбігер көбеймесе азайған жоқ», - дейді. Сондай-ақ, жоғарыдағы министрлік өкілінің сөзіне күмәнмен қарайды. Пәнді өзі қалаған тілде оқытады деген пункт ауызша ғана айтылғандықтан, еш жерге жарамсыз. Нақты шешімін шығарсаңыз деген тілек білдіріпті ұстаздар. Осылайша, екі ортада шәкірттер дүбара болып қалмаса деп алаңдайды мамандар.
Нысаналы ЫҒЫЛ