64 жастағы Тұрғали Сатқанбаев қартайған шағында студент атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

64 жастағы Тұрғали Сатқанбаев қартайған шағында студент атанды

30.10.2017

64 жастағы Тұрғали Сатқанбаевтың бала кездегі арманы орындалып, қартайған шағында студент атанды. Зейнеткер қазір Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетінде оқып жүр.

Мектеп жасында қабырға газетіне кішігірім мақалалар жазуға әуес, әскер қатарында фоторепортаждар жасауға құмар болған Тұрғали Сатқанбаевтың арманы енді ғана орындалғандай. Сол кездері Қазақ мемлекеттік университетіне де құжат тапсырып көрген. Алайда, бір жолы емтиханнан, екінші жолы конкурстан өтпей қалған.

Тұрғали Сатқанбаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті:

- Ол кезде бір орынға талас көп. Сосын ауылға келіп жұмыс істедім. Менен журналист шықпайды деп ойладым. Сосын мамандығымды өзгертіп Орынбор облысындағы Бузулук қаласына құрылыс техникумына оқуға түстім.

Көп ұзамай Алматы теміржол институтын тәмамдап, құрылыс-инженері мамандығын да оқып шыққан. Бірақ, шығармашылыққа жаны құштар жанды бала күнгі арманы байыз таптырмады. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, Атырау мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қабылданды.

Назым Жолдасова, журналистика мамандығының 2-курс студенті:

- Басында таң қалғанымызды жасырмаймын. Өйткені, қалай үлкендер сабақ оқиды, сабаққа келе алады деген таңданыс болды, әрине. Арманын орындауға келгенін естігенде, жіті танысқымыз келді.

Тұрғали Сатқанбаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті:

- Әрине, журналистиканың қыр-сырын толық меңгеру үшін маған тағы да 60 жыл керек болар. Бірақ, Абай атамыз айтқандай, оқудың ерте-кеші жоқ қой. Қолымды кеш сермесем де, бір арманыма жетейін деген мақсатпен келдім.

Егде тартқан шағында студент атанғандар саусақпен санарлық. Бірнеше жыл бұрын белгілі сазгер, өнертанушы Ілия Жақанов 78 жасында осы оқу орнынан диплом алған. Жалпы, университеттегі журналистика мамандығында қазір 150 студент білім алуда.

 

Өнербек ЖАҢАБАЙ

Хабарламаларға жазылу