Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың ашылғанына 60 жыл толды.
Атаулы датаға орай, Алматыда білім ошағының мерейтойлық салтанатты шарасы өтті. Бұл мектептен Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев және «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі сияқты белді тұлғалар түлеп ұшқан. Жалпы, білім мекемесінде ұлттық тәрбиеге басты көңіл бөлінеді. Себебі, саналы ұрпақты қалыптастыру үшін ұлттық тәрбиенің негізі осы жерде беріледі. Сондықтан, мұнда қазір заман талабына сай білім берудің озық үлгілері енгізілген.
Роза Ербозымқызы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың директоры:
- Біздің мектебімізде қазіргі таңда 425 бала білім алуда. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілімен қатар, биылғы жылы түрік тілі, қытай тілін енгізіп отырмыз. Республикалық мектеп-интернатқа ауылдың қарапайым қарадомалақ балалары келеді. Олар осы мектептен білім алып, дәріс алып, ел таныған түлектерге айналып жатады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ