Қарағанды мемлекеттік университетінде Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды мемлекеттік университетінде Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған конференция өтті

25.10.2017

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Сондай-ақ, арнайы көрме ұйымдастырылып, жаңадан жарық көрген «Қаз дауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» атты монография жұртшылық назарына ұсынылды. Конференция  барысында еліміздің түкпір-түкіпірнен және Ресей, Өзбекстан, Түркиядан келген ғалымдар Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шығармашылық мұрасы, қоғамдық сананы жаңғыртудағы зор үлесі туралы баяндама жасады. Іс-шара аясында қонақтар Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының Орта жүздің орда биі хақындағы спектаклін тамашалап, Ұлттық мұражайдың өңірге әкелген көшпелі көрмесіне барды. Мұнда «Алтын адам», Қазыбек бидің шапаны сынды 70-тен астам құнды жәдігерлер қойылған. 

Алдан Смайыл, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист:

- Қаз дауысты Қазыбектің жаңағы мен айтып отырған қасиеттерін жеке-жеке саралап қарау деген сөз - қазақтың философиясын, шешендік өнерін, билер институтын зерттеумен бірдей.

Зарқын Тайшыбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, журналист:

- Адамзат баласының бақыты, адалдық, әділдік жолында қызмет еткен деп есептейміз. 350 жылдығы дәл мына биылға келіп, Президентіміздің рухани жаңғыру туралы үлкен қағидатты мақаласын іс жүзінде жүзеге асыру аясында тойлануы қуантады.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу