Қазақстанда кәсіби әлеуметтанушылар аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда кәсіби әлеуметтанушылар аз

11.04.2016
Қазақстанда  кәсіби әлеуметтанушылар аз
Қазақстанда  кәсіби әлеуметтанушылар аз


Қазақстанда әлеуметтанушы ғалымдар аз. Сол себепті, қоғамда социологиялық зерттеулерді тек сауалнама ретінде ғана бағалау үрдісі басым. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақстандық әлеуметтанушылар реформаларды қолдау бағытында» атты дөңгелек үстел отырысына жиналған ғалымдар алға тартты.

Аталған шара Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 20 жылдығына арналған ғылыми онкүндік аясында ұйымдастырылып отыр. Шараны аталған жоғары оқу орынының Әлеуметтану кафедрасы ұйымдастырды.

Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан рефоромалардың тиімділігін, мұндай шаралардың қоғамда алатын орнын, бұқараның көзқарасы мен ұстанымын анықтау мәселесінде әлеуметтану ғылымының алар орыны ерекше. Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік институттардың рөлі, әлеуметтік топтардың ерекшеліктері, олардың мемлекеттік реформаларға көзқарастары мен реформалардың орындалуына қосар үлесін ғылыми тұрғыда сараптау өмір талабы болып отыр.

Әлеуметтанушылар бұл мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Алайда, қоғамда әлеуметтану ғылымын тек әлеуметтік сауалнама жүргізу ретінде ғана ұғатындардың қарасы көп. Мұндай азаматтар мемлекеттік қызметте де, жекеменшік секторда да көп. Сол себепті, Қазақстан қоғамының ұңғыл-шұңғылы әлеуметтанулық тұрғыда толық зерттелді деуге келмейді. Одан бөлек мамандардың тапшылығы тағы бар.

Дөңгелек үстел отырысына жиналған ғалымдар әлеуметтану ғылымына қатысты мәселелерді де, мемлекеттік органдардың бұл ғылымды пайдалану тәсілдеріне де тоқталды. Мәселен, Еуразиялық интеграциялар институтының ғылыми қызметкері Адиль Родионовтың айтуына қарағанда елімізде ғылым докторы, кандидаты және PhD атағын алған социологтар саны 200 адамның шамасында ғана екен. Әрине, бұл тізімге шетелдерде оқып келген ғалымдар кірмеген. Дегенмен, білікті мамандардың осыншама аз болуы социологтарды ойлантатын халге жетіп отыр. Өйткені, біздің елде отандық жоғары оқу орындарында ғылыми еңбек қорғаған доктор, кандидат және PhD атағы бар эксономистер саны 2500-ден асады, ал саясаттанушылар 500 ге жуық болса керек.

Жалпы социологтар Қазақстан қоғамының түрлі ерекшеліктерін атап өтті. Ғалымдардың пікіріне қарағанда еліміздің оңтүстік аймақтарында үкіметтік емес ұйымдар әлдеқайда белсенді қызмет атқаратын көрінеді. Ал, өзге аймақтарда азаматтық қоғамның осы институты көңілден шығатындай қызмет жасамайды. Сондай-ақ, ауылды өңірлерде азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін жете түсіне қоймағаны да байқалып қалады. Әлеуметтік зерттеулерді тек сауалнама ретінде ғана бағалаушылар мол. Одан бөлек, бұқара да бұл зерттеулерге қатысуға құлшынып тұрмайды.

Әрі, қоғамды зерттеген көптеген еңбектер, диплом жұмыстары, магистрлік және докторантурадағы диссертациялар пайдаға аспай, көбіне мұрағаттарда қалып қоюда. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның бет-бейнесін толық анықтау мәселесінде әлі де атқарылар шаруалар аз емес. [/left]

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу