«Ризашылық» - «Доброта во благо детям!» қайырымдылық мерекесі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ризашылық» - «Доброта во благо детям!» қайырымдылық мерекесі өтеді

19.11.2015
«Ризашылық» - «Доброта во благо детям!»  қайырымдылық мерекесі өтеді
«Ризашылық» - «Доброта во благо детям!»  қайырымдылық мерекесі өтеді

2015 жылғы 26 қарашада Астана қаласының Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті және «Бөбек» қорының бастамасымен елорданың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерінде «Ризашылық» - «Доброта во благо детям!» атты қайырымдылық мерекесін өткізеді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» тақырыбындағы іс-шара биылғы жылдың қоғамдық маңызы зор оқиғалары – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған.
Іс-шараның мақсаты - жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесіне қоғамның назарын аудару, олардың адамгершілік-рухани дамуына ықпал ету. Олардың бойында патриоттық сезімді ояту, Отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті сіңіру.

Мерекелік шара барысында түрлі тақырыптық іс-шаралар, соғыс және еңбек ардагерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, аналар және әкелер Кеңестерімен, балалар үйлерінің табысты түлектерімен, саясат, ғылым, мәдениет, өнер, спорт сынды түрлі салаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген танымал адамдармен кездесулер өткізіледі.

Сондай-ақ, балалар шара аясында этномәдени орталықтарда, тарихи-өлкетану мұражайларында, театрларда, көрме залдарында, кітапханалар мен өзге де өнер ошақтарында сапарда болады.

Әдеттегі дәстүр бойынша балаларға олардың достары, арнайы шақырылған қонақтар келіп, өзара жылы лебіздер білдіріледі.
«Ризашылық» - «Доброта во благо детям!» атты қайырымдылық мерекесі мейірімділік, ізгілік және өзара түсінушіліктің дәстүрлі мерекесі болып табылады.

Шараға «Астана қаласының балалар үйі», «SOS Астана балалар қалашығы», «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы», «Мамандандырылған балалар үйі», «Балалардың психневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» сынды тікелей балалармен жұмыс істейтін мекемелердегі бүлдіршіндер қатысады.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу