Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. Бұл қағиданы берік ұстанып, еліне адал қызмет еткен жандардың бірі - Шығыс Қазақстан облысындағы Қарауыл ауылында білім саласына 30 жылын арнаған ұлағатты жан Шолпан Боқанова. Тәуелсіздік алған жылдары ауылды жерде алғаш гимназияның іргесін қалаған. Бүгінде ұлағатты ұстаздың талай шәкірті еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр.
Ардагер ұстаз өзі іргесін қалаған ауыл гимназиясының табалдырығын 20 жылдан кейін алғаш атап отыр. Бала тәрбиесінде биік дәрежеге жеткен білім ошағын алғаш ашып, аяққа тұрғызған ардагердің еңбегі ерен, дейді ауылдастары.
Тәуелсіздік алған жылы ашылған гимназия, ауылдардағы дарынды балалардың басын қосып білім берді. Алғашында кілең үздіктер оқыған білім ошағында бір сынып қана болыпты. Бүгінде 300 дарынды жасты тәрбиелеп отырған мектеп мәртебесі биік. Жетістігі жоғары.
Мұғалім бақыты – шәкіртінің құрметі. Сол құрметке ардагер ұстаз Шолпан Боқанқызы бөленіп отыр. Ұлағатты ұстазға арналған мерекелік кеште, ардагерге барынша құрмет көрсетілді.
Ержан ЖАҚЫП