Студенттердің үлгерімі мен оқу тәртібі енді онлайн жүйеде бақыланады. Осындай әрекеттермен ғана жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты азайтуға болады. Бұл туралы бүгін «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов айтты.
Ұсынысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысына қатысушылар түгел қолдады.
Білсек, біздегі сессияның құны 30 мың, тегін деген жатақханадағы жайлы орын 15 мың теңге екен. Ал 500 мың берсеңіз, Әскери кафедраға түсіріп беретіндер табылатын көрінеді.
«Жас Отанның» сауалнамасына қатысқан 1200 студенттің жауабы осы. Анонимді сауалнама еліміздің 60-тан астам жоғары оқу орнында жүргізілді. Оның 6-ы ұлттық, 30-ға жуығы мемлекеттік университет.
Нұрлан Сыдықов, «Жас отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
Бүгінде барлық университеттің сайты бар. Осы сайттарды біріктіріп, портал құру керек шығар. Сол арқылы студент сабаққа барды ма, бармады ма, білуге болады. Бармаған болса, сессиясын қалай жапты, деген сұрақтарды ашық түрде қоюымыз қажет.
Екіншіден, мәселен бір университетте 300 орындық жатақхана болса, оны кім алғанын білу. Сондықтанда біз ашық, онлайн жүйесін өз тарапымыздан ұсынып отырмыз.
Досымжан ЕРМҰРАТ