Талғар политехникалық колледжінің тарихы тереңде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар политехникалық колледжінің тарихы тереңде

25.06.2014
Талғар политехникалық колледжінің тарихы тереңде
Техникалық жəне кəсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру - қазіргі заманның талабы екендігін Елбасымыз биылғы Жолдауында қадап айтты.
 
Аталған жоғары білім  ең алдымен ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі жəне келешектегі сұранысын барынша өтеуі тиіс.
 
Мемлекет басшысы қойған осы міндетті Алматы облысына қарасты Талғар политехникалық колледжі 100 пайыз орындап отыр.
 
Жеңіл өнеркәсібі енді қарқын алып келе жатқан біздің елге тігінші маманы қажеті-ақ. Сол сұранысты өтеуге политехникалық колледж ұжымы білек сыбана кіріскен.
 
Құндызай биыл І курсты тәмамдады. Аз ғана уақыттың ішінде тігін бұйымдарын өңдеудің қыр-сырын үйренген. Әп-сәтте мына матадан кішкентай жейде тіге қойды.
 
Құндызай Боданова, Талғар политехникалық колледжінің І курс студенті:
Мұныменен ұлттық киімдерімізді тігіп, шетелге таныта аламыз. Бұл колледждің 80 жылдық тарихы бар. Мықты-мықты азаматтар мен азамташалар осы колледжді бітіріп, жеңіл өнеркәсіпті дамытып жатыр.
 
Іргетасы 1934 жылы қаланған оқу ордасының тарихы тереңде. Алғаш механиктер мектебі болып ашылған білім ошағы 80 жыл ішінде 60 мыңнан аса халық шаруашылығына қажетті мамандар даярлады.
 
Күні бүгінге дейін атауы қанша өзгерсе де, негізгі бағытынан танған жоқ. Өткен жылы политехникалық колледж мәртебесін алып, аспаз, тігінші, электр-газ дәнекерлеушісі, автокөлік жөндеуші мамандықтары бойынша 600-ге жуық жасқа білім беруде.
 
Биыл тағы наубайханашы және техник-бағдарламашы мамандығын енгізіп отыр. Ал, мұндағы сапалы білімнің негізін бүгін қызыл диплом алған түлектер дәлелдеді. 
 
Жұмағали Кебекбаев, Талғар политехникалық колледждиректоры:
7 мамандықта бюджет бойынша жылына 200 бала даярлауға 174 миллион теңге бөлініп отыр. Біздің колледжден білім алған студенттер  жұмысқа орналасып, Қазақстанның экономикасын өркендетуге атсалысады, деп сенемін.
 
Жұмысшы мамандар - еңбек қоғамының негізгі күші. Осы қағиданы ұстанған ұжым материалдық-техникалық базасын жаңартып, сапалы кәсіптік білім беру үшін барын салуда.
 
Ал, тегін біліммен сусындап, мамандығын мықты меңгерген жастар индустриялды бағытты ұстанған елімізде өндіріске еркін еніп, ел әлеуетін арттырмақ.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу