Бір мектептен 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір мектептен 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

10.06.2014
Бір мектептен 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанды
Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде Оңтүстік Қазақстан облысы озық көрсеткіштерге қол жеткізді. Екі оқушы шекті 125 балды жинаса, Мақтарал ауданында бір мектептен 27 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Мырзашөлдегі №6 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның толағай табысы өзге білім ұяларына үлгі болып отыр.
 
Мектеп бітірушілер үшін кітап жастанып, ұйқысыз өткен түндер артта қалды. Күні кеше ғана ұлттық біріңғай тестілеу тапсырған Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушылары сыннан сүрінбей өтіп, мұғалімдердің үкіліген үмітін ақтады.
 
Нұрлан Ертаев, «Алтын белгі» иегері:
123 балл алғаным ең алдымен мұғалімдердің еңбегі. Екіншіден, өзара бәсеке. Бәсеке болған жерде жеңіс те болады деп ойлаймын.
 
Жүз пайыз тестілеуге қатысқан 54 оқушының 27-сі «алтын белгісін» ақтап шықса, тағы 15 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Мұндай жетістікке жету ұстаздарға қойылатын жоғары талапқа телініп отыр.
 
Өмірхан Қозыбақ, Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназияның директоры:
Мұғалімдерді біз іріктеп аламыз. Негізінен бұрыннан келе жатқан мұғалімдер. Бастауыш та да, пән мұғалімдері де. Көпшілігі әртүрлі курстардан өткен.
 
Өткен жылы да осы білім ұясының 29 түлегі алтын белгі иегері атанған. Биылғы түлектердің 92 пайызы барлық пәндерден бестің көрсеткішіне қол жеткізсе, 8 пайызы төрттік бағаның балын жинапты.
Ал шәкірттердің екеуі 123 балдық білімін дәлелдеген. Мұндай жетістікке түлектердің өздері де риза.
 
Дәулет Әзім, «Алтын белгі» иегері:
Бірінші өзіміздің пән мұғалімдердің арқасында. Үнемі бақылауда ұстап, күнделікті дайындықтарымызды пысықтады. Апта сайын тест алып тұрды.
 
Бұл гимназия қазір Оңтүстіктегі өзге мектептерге үлгі болып отыр. Мұғалімдер тіпті өзге ауданнан келіп, тәжірибе жинақтап кетеді екен.
 
Себебі соңғы 5 жылда білім ұясын 255 бала бітірсе, оның 74 «Алтын белгі» иегері атаныпты. Сонымен қатар, 72 бала үздік аттестатқа ие болған. Тестілеу кезінде орташа балл көрсеткіші 100-ге жуықтаған.
 
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу