ҰБТ-да сыра зауыты туралы сұрақ жоқ (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-да сыра зауыты туралы сұрақ жоқ (толығырақ)

06.06.2014
ҰБТ-да сыра зауыты туралы сұрақ жоқ (толығырақ)
ҰБТ сұрақтарында  «Сыра зауытының ашылған уақыты?», деген сауал жоқ. Бұл туралы бүгін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев айтты.
 
Естеріңізге салайық,  2-маусым күні Атырау қаласында өткен сынақта ата-аналар «мағынасыз сұрақтар кездесті», деп шулаған еді. Сондай-ақ, петропавлдық талапкер Айнұр Серік те сыра зауыты туралы сұрақ кездескенін айтқан болатын.
 
Бүгін Тестілеу орталығының директоры Айнұр Серіктің Қазақстан тарихынан тапсырған тест сұрақтарын әкеліп көрсетті. Расымен де, сұрақтар арасында келеңсіз сауал жоқ екен.
 
Қали Әбдиев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
Кейбір ата-аналар дайындық кезінде көрдік, дейді. Ол мүмкін. Себебі, мұндай сұрақ былтырғы жылы болған. Апелляциялық комиссия ол сұрақты дұрыс деп шешті. Себебі, ол Қазақстан тарихы пәнінде арнаулы тақырыпта баяндалады. Биылғыда жоқ. Біз Айнұр деген қыздан кешірім сұрауды талап етеміз. Болмаса, әрі қарай сөйлесіп, түсіндіріп көреміз. Бұлай сөйлеуі түсініксіз болып отыр. 
 
Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, нәтижесіне көңілі толмағандардың бірі - алматылық Әсия Марат. Оның тест кезінде бір сұраққа күмәнмен қараған.
 
Өйткені, сұрақтың 2 дұрыс жауабы болған екен. 124 балл жинаған Әсия апелляциялық комиссияға білімін дәлелдеп, 125 ұпайға қол жеткізді.
 
Әсия Марат, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның түлегі:
Қазақ тілінде 25-ші сұрақ қате болып шықты. Тест кезінде сол сұрақ күмән туғызған. Сол себепті екі дұрыс жауаптың біреуін белгілегенмін. Ал, кілт басқа жауапты көрсетті. Сол себепті мен апелляцияда бірден дәлелдедім.
 
Бұл жолы Тестілеу орталығының директоры «кінә кітапшаны бекіткен Білім министрлігінде емес, басқан орындардан кетуі мүмкін», деп шыр-пыр болды.
 
Қали Әбдиев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
Типографияда басылғандықтан, кейбір кемшіліктер болғаны рас. Физика пәнінен шынында бір сұрақтың суреті түспей қалған. Орыс тілі пәні бойынша бір сөздің асты сызылмай қалған.
 
Ұлттық біріңғай тестілеудің алғашқы күні ғаламтор бетіне тест сұрақтарының суреті шыққан. Бірақ, көп ұзамай, теріс қылық көрсеткен екі оқушының кімдер екені анықталды.
 
Енді олардың ұпайлары есептелмейді. Ал, ғаламтор бетіндегі сол сауалдар кейін тапсырған оқушыларда кездеспеген. Сондай-ақ, алдағы уақытта сынақтан өтетін талапкерлерге де кездеспейді. Тестілеу орталығының өкілдері осылай деп сендірді.
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу