Оқулық сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқулық сапасы сын көтермейді

15.04.2014
Оқулық сапасы сын көтермейді
Мектеп оқулықтарының сапасыздығы мен жүйесіздігі қанша рет айтылса да, әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Сол себепті бұл іске қазір «Нұр Отан» партиясының өзі кірісті.
 
Партия жанынан оқулықтар сапасына сараптама жасайтын «Мирас» кеңесін құрды. Оның құрамында есімдері елге танымал тұлғалар мен парламент депутаттары бар.
 
Айта кетейік, қазіргі оқулықтардың барлығында ірілі-ұсақты қателер өріп жүр. Оның үстіне мұғалімдер оқушыға сол оқулықтарда жоқ тапсырмаларды беретіні тағы бар. Оған қоса мектеп оқулықтары ірі-ірі 5-6 баспада басылады.
 
Ал олар оқулықтардың мазмұны бойынша жүйелі түрде жұмыс істемейді. «Нұр Отан» партиясы «Мирас» кеңесі арқылы осы шаруаларды бір ретке келтірмек ниетте.
 
Бүгін дөңгелек үстел басына тиісті министрлерге дейін шақырып алды. Енді осындай тегеуірінді әрекеттен кейін жағдай түзелмесе, оқушылардың салмағы ауыр, қатесі көп оқулықтарды арқалап жүре берулеріне тура келеді.    
 
Динар Нөкетаева, «Мирас» кеңесі жанынан құрылған жұмыс тобының жетекшісі:
Мысалы, бастауыш сынып оқушыларына арналған бір оқулықтың салмағы – 200 грамм болуы керек. Тіпті болмаған жағдайда, оқулықты басқан кезде оның салмағы 5 пайыздан аспауы қажет. Біз бастауыш сыныптың оқулықтарын алып тексердік. Салмағы 280 грамм. Бұл баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді.
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу