Семейде «Болашаққа қадам» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Болашаққа қадам» фестивалі өтті

11.04.2014
Семейде «Болашаққа қадам» фестивалі өтті
Елбасы Жолдауында ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыру қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта елге игілігін тигізетін тың зерттеулер мен инновациялық жаңалықтарды қаржыландыру артатын болады.
 
Осы орайда, Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінде «Болашаққа қадам» атты ІІ республикалық ғылыми фестиваль өтті. Әр өңірден жиналған жас ғалымдар өздерінің түрлі саладағы жаңалықтарын көпшілікке таныстырды.
 
Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінен келген Ғазиза мен Әйгерім сусіңіргіш асфальт ойлап тапқан. Тасжолдың бұл түрі жаңбыр мен қар суын  жинап, сүзгі қызметін атқарады. Сол арқылы қала көшелеріне су іркілмейді, асфальт бұзылмайды.
 
Жаңалықты қолданысқа енгізу бүгінгі күнде өте өзекті, дейді жоба авторлары. Жас ғалымдардың зерттеулері бойынша қар мен жаңбыр суының кесірінен соңғы үш жылда республика бюджетіне 28 миллиард теңге шығын келген.
 
Ғазиза Елтай, Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
Мұның экономикалық та, экологиялық пайдасы бар. Ұсынып отырған технологиямыз - су сіңіргіш асфальтті қолдана отырып, су құбырларын жүргізу. Ол құбырлар арқылы жаңбыр суын арнайы су қоймаларына жинау.
 
Жас ғалымдар фестивалі биыл Семейде екінші рет өткізіліп отыр. Оған 300-ден астам оқушы қатысты. 260 ғылыми жоба ұсынылды. Әр саланы қамтыған білімпаз жастардың жаңашыл жобаларын мамандар да жоғары бағалады.
 
Жанна Сабырбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторы:
Ғылыми жобалардың тақырыбы әр алуан. Қазіргі заманғы өзекті тақырыптар. Қазақстан ғылымының дамуына болашақта осы оқушылар үлес қосады, деп айтар едім.
 
Отандық ғылымды дамытуға талпыныс білдірген дарындыларға қолдауды осы бастан арттырудың маңызы зор. Жас таланттардың шығармашылық қадамдарына демеу беретін фестиваль алдағы уақытта  өзге өңірлерде  де өткізілетін болады.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу