Агротехникалық университеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтпеуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агротехникалық университеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтпеуі тиіс

03.03.2014
Агротехникалық университеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтпеуі тиіс
Еліміздегі агротехникалық университеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтпеуі тиіс. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы бүгін осылай, деп мәлімдеді.
 
Оған күні кеше әлеуметтік желілерде жарияланған Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдемесі негіз болған.
 
Агротехникалық университеттерді Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру - кәсіби мамандарды даярлаудың негізгі тетігі. Себебі, студенттер енді алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады.
 
Күні кеше Асылжан Мамытбеков өзінің фейсбук парақшасында осылай деп мәлімдеді. Бірақ, министрдің бұл пікірімен Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы келіспейді.
 
Нұрлан Серікбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінің деканы:
Бұл бізге қажет емес. Соңғы 3 жылда біз Ауыл шаруашылығы министрлігінен Білім және ғылым министрлігіне ауысқанбыз.  6 жыл бойы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында болдық. Сол кезде аграрлық саланы дамытуға мүмкіндік болды. Бірақ, біз ешқандай даму   байқаған жоқпыз.
 
Ұжымның айтуынша, еліміздегі агротехникалық университеттерді дамытудың негізгі тетігі - оларға автономиялық статус беру. Сонда ғана, әр жоғары оқу орны өздігінше дамудың концепциясын жасап, белгілі бір жетістікке жетпек.
 
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Егер біз автономдық статус иеленбесек, ешқашан дамымаймыз. Біз жаңа жүйемен жұмыс істегіміз келеді.
 
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай пікірмен келіспейді. Керісінше, агротехникалық университет министрлікке тиесілі болса, кәсіби кадр дайындауға мүмкіндік зор.
 
Көпмаханбет Елемесов, Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының вице-президенті:
Кабинетте отырып, кітап оқығаннан маман шықпайды. Маман боламын дейтін адам өндіріспен тікелей араласуы керек. Сонда ғана  білікті маман шығады. Ал қазіргі жағдайда  маман даярлау ісі бір жақта, ғылыми зерттеу институты өзімен-өзі жұмыс атқарып жатыр. Бұл  дұрыс емес.
 
Қазақ агротехникалық университетінде тек ауыл шаруашылығы мамандары ғана оқымайды. Басқа да саланың пұшпағын илейтін студенттер тәлім алады. Ал агротехникалық университет Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтіп кетсе, олардың халі не болмақ?
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу