Темірғали Көкетай – әлемге әйгілі ғалым. 1999 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық географиялық орталықтың шешімімен «Ғасыр адамы» атағын алған қазақ.
Ғылымның жілігін шағып, майын ішкен әлем физиктері оның ашқан жаңалығын түгел мойындады. Темірғали Көкетайды бүгінде ағылшындар, жапондар өз университеттеріне шақыртып, профессорларға дәріс оқытады.
Ғалым кристалдардағы жарықтың табиғатын зерттеп, студент кезінде-ақ, кристалды қолдан өсірген дара тұлға.
«Дүниежүзін аралап, түрлі атақ алып жүргеніммен, қазақ халқына түк еңбек сіңірмеппін. Оның әдебиеті, тарихы, өнері дегенге ден қоймай, физика атты халықаралық ғылыммен кеткенбіз. Қазаққа еңбек етпей кеттім-ау деп ойлап жүр едім, бірақ қазір Халықаралық қазақ тілі қоғамының Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы болып сайландым. 9 аудан, 9 қала бар екен, соның барлығында орталық ашып, жақында облыстық құрылтай жасағалы жатырмыз»,-дейді ғалым.