Білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшуге дайындық жүргізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшуге дайындық жүргізілуде

04.02.2014
Білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшуге дайындық жүргізілуде
Бәсекеге қабілетті ел болу үшін жаппай сауаттылыққа мән беру керек. Ол үшін жас буынды озық технологиялармен жарақтанған мектептерде оқытып, заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайындау қажет.
 
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы баса назар аударған осы мәселені Алматы іргесіндегі Іле ауданына қарасты №20 орта мектеп қолға алды. 2013 жылы республика бюджетінен салынған жаңа ғимарат 12 жылдыққа көшу реформасының өңірдегі көшбасшысы болып тұр.
 
Мұнда оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп қана қоймай, әр балаға икеміне сай кәсіби машық қалыптастыру қарастырылған. 
 
Ғимараты да, ұжымы да жаңа мектеп 12 жылдыққа өтуге дайын. Мұнда жас жеткіншектер жаңа оқу жабдықтарымен білім алып қана қоймай, келешек кәсібіне машықтана алады. Қазірдің өзінде қыздар тігін шеберханасында ұстаздардан ұлттық үлгіде киім тігуді үйренсе, ер балаларды да бейіміне сай баулу қарастырылған.
 
Гүлсая Байтоқова, №20 орта мектептің директоры:
Болашақта техникалық қызмет көрсету станциясын ашпақпыз. Ондағы мақсатымыз - балаға 12 жылдық білім жүйесіне сай кәсіптік бағдар беру. Яғни, әр бала өзіне тиесілі мамандықты осы мектеп табалдырығында жүргенде бастаса, деген ойдамыз.  
Мұхамеджан Түймебаев ауылындағы бұл мектеп қолданысқа қыркүйекте берілген. Ауласы атшаптырым, еңсесі биік ғимаратта қазір 1679 бала 2 ауысыммен оқиды. Мемлекет қаражатымен салынған жаңа нысан заман талабына сай.
 
Компьютер, интерактивті тақта, мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған. Тіпті сабақтан бөлек, өнерге ынтық бала би үйірмесіне барып, спортқа икемдісі 14 түрлі спорт секциясына қатыса алады.
 
Данияр Таңатар, 11 сынып оқушысы:
Қазір тек оқимыз. Оқып, білім алып, жоғары дәрежеге жеткенде еліміз үшін еңбек етеміз. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан», дейді. Әрқайсымыз өз орнымызды тауып, Қазақстан үшін еңбек етуіміз керек.
 
12 жылдыққа бет бұрған бұл мектеп жақын арада электронды жобаға өтсек, дейді. Ол үшін Талдықорғандағы зияткерлік мектепке арқа сүйемек. Ал, жас қолөнершілер шеберханасын ұйымдастыру мақсатында таяуда Қарағандыдағы үлкен зауытпен келісімшартқа отырды. Сәтін салса, Түймебаев түлектері Елбасы айтқан сапалы біліммен көш бастап, болашағына бағдар алып шығады.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу