Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында америкалық бұрыш ашылды. Салтанатты шараға АҚШ Үкіметінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей мен оқырмандар қатысты.
АҚШ елшісі өз сөзінде жаңа ресурс орталығының әрбір қоғамның дамуында алар орны зор және ақпарат әлеміне шығуға мүмкіндік беретін құрал екендігін, әрі демократияның ілгері дамуы мен азаматтық қоғамның қалыптасуына септігін тигізетінін жеткізді. Заманауи құралдармен жабдықталған америкалық бұрыш - Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен ұлттық кітапханалардың бірлескен жобасы. Мұнда ағылшын тілін жетік меңгеруге жағдай жасалған.
АҚШ үкіметі, мәдениеті, тарихы жайында көркем әдебиет және анықтамалық әдебиеттер топтамасынан табуға болады. Ресурс орталығы таңертеңгі сағат 9-дан үлкен-кіші оқырманға тегін, демалыссыз қызмет етеді. Мұнда сондай-ақ арнайы кездесулер өткізіліп, музыка, киноклубтар ұйымдастырылады.
Джон Ордвей, АҚШ Үкіметінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:
Мұның барлығы оқырмандардың жаңа кітапханада рахаттанып кітап оқып, тіл мамандарынан ағылшын тілін үйреніп және ғаламторға шығу мүмкіндігі болсын деген оймен жасалып отыр. Ел арасын жалғайтын серіктес жобаның бастау алғанына бірнеше жыл өтті. Енді осындай америкалық орталықтың Алматы қаласында да қанат жайғанына қуаныштымын.
Жазира ИСАЕВА