Ауыл балалары жаңа мектепте білім алғысы келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл балалары жаңа мектепте білім алғысы келеді

16.01.2014
Ауыл балалары жаңа мектепте білім алғысы келеді

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Ынталы ауылындағы балалардың  басты арманы - жаңа мектептің салынуы. Қазір олар білім алып жүрген ғимарат тозып тұр.

 
Үш бөліктен тұратын, қам кірпіштен тұрғызылған білім ошағына 400-ге жуық оқушы әрең сыйып отыр. Үш корпустың бірі биыл комиссия шешімімен апатты деп танылып, сот шешімімен онда оқу процесін жүргізуге тыйым салынған.
   
Ынталыдағы мектептің қазығы сонау 1970-ші жылдарда қағылған болатын. Оқу ошағының үш бөлігінде содан бері талай ауыл баласы білім алды. Әбден тозығы жеткен мектептің бір бөлігі биыл экономикалық соттың шешімімен жарамсыз деп танылды. Содан амал жоқ, ұстаздардың жұмыс кабинеттерін босатып, балаларға сынып бөлмелері етіп берулеріне тура келді.
 
Есіркеп Құрбанов, ауыл тұрғыны:
Заманға сай емес мектебіміз, құлағалы тұр. Екіншіден, 100 бала оқыған жерде 400 бала сыймайды да. Біліміміз төмен болып тұр. Заманға сай мектеп болса екен деп ойлаймыз
 
Ескі мектеп жанында спорт, акт залдары деген атымен болмаған. Күн жылыда оқушылар сыртта ойын ойнап, қыста қарап отырады. Сондай-ақ, ғимараттың тарлығынан өзге пәндерге арналған арнайы сыныптар да жоқ.
 
Айнұр Жүсіпова, 8-ші сынып оқушысы:
Бізге ең керегі 2014 жылға сай мектеп, интерактивті тақта, физика, химия зертханалары, спорт залы болуы керек.  Жарыстарға қатысқымыз келеді, ал қыста далаға шығып ойнаймыз..
 
Ынталыда заманауи мектеп ғимаратының бой көтеруі үшін уақыт қажет. Аудандық құрылыс бөлімі мамандары осылай дейді. Айтуларынша, мектеп жобасы қағазда дайын тұр, тек, оған қаражат бөлу мәселесі қалды.  
 
Тайбек Қалымбетов, Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:  
300 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге кіріскен болатынбыз. Ол өткен жылдың 20-сыншы қарашасында оң қорытындысын алды. Жалпы құны 489 миллион теңгені құрап отыр. осы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негізінде 2015 жылдың даму жоспарына ұсынып отырмыз
 
Қазығұрт ауданы бойынша Ынталыдағыдай 13 ауылда мектеп ғимараттары тозып тұр. Дені саманнан тұрғызылған ескі бір қабатты нысандар. Олардың барлығын ретке келтіру үшін кемінде 5 жыл уақыт керек.  
 
 
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу