610 дарынды бала олимпиадада бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

610 дарынды бала олимпиадада бас қосты

10.01.2014
610 дарынды бала олимпиадада бас қосты
 
Шығыс Қазақстанда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Аймақ орталығы Өскеменде ұйымдастырылған білім сайысына аудандық және қалалық олимпиадаларда жеңіп шыққан 9-11 сынып оқушылары жиналған.
 
Қатысушылардың жалпы саны - 610. Олар 14 пән бойынша білімдерін сынады. Қазылар алқасының құрамына облыстағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары кірген.
 
Шараның негізгі мақсаты - балалардың шығармашылық зейінін дамыту, теориялық білімін тереңдету және тәжірибелік біліктілігін арттыру. Олимпиаданы облыстық білім басқармасы мен өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы өткізді.
 
Қазылар алқасы бүгін қорытынды шығарып, 72 оқушы жеңімпаз атанды. Енді олар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысады.
 
Шыңғыс Айдынов, олимпиадаға қатысушы /Семей қаласы/:
Барлық ауданнан, барлық мектеп-лицейден тек қана үздіктердің үздіктері, былайша айтқанда, «сүт бетіндегі қаймақтары» ғана жиналған болатын. Осы үздіктердің ішінде топ жарып, ең жүйрік атанғаным - мен үшін үлкен қуаныш.
 
Гүлжан Елемесова, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының лаборатория меңгерушісі:
Респубикалық кезеңге 72 адам қатысуға жолдама алды. Республикалық кезең Өскемен қаласында наурыз айында өткізіледі. Ең үздік олимпиадалық команда Өскемен және Семей қалалары болды. Осы қалалардағы қазақ-түрік лицейлері және аудандардың арасынан Күршім ауданы ең үздік деп танылды.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу