Биатлон. Із қуу сайысы. Галина Вишневская 20-шы орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биатлон. Із қуу сайысы. Галина Вишневская 20-шы орында

12.02.2018
Биатлон. Із қуу сайысы. Галина Вишневская 20-шы орында

Қысқы Олимпиада ойындарында биталоннан 10 км із қуу сайысы өз мәресіне жетті. Бұл сынға құрама сапынан спринт сайысында үздік алпыстыққа енген екі отандасымыз Галина Вишневская мен Дарья Климина жолдама алған болатын. Спринт сайысының жеңімпазы неміс спортшысы Лаура Дальмаерден +1:46.0 уақытқа кеш келген Галина Вишневская із қуу сайысын 30-нөмірмен бастады. Ал, екінші спортшымыз Дарья Климина 58-ші болып жарыс жолына шықты. 

Із қуу сайысының спринттен айырмашылығы, бұл сында спортшылар 4 мәрте көздеп ату сәтіне тоқтайтын болады. Алғашқы ату сәтінен мүдірмей өткен Галина Вишневская үздік үштікке біршама жақындай түсті. Ал, Дарья Климина бұл сәтте бір қателік жіберіп алды. Үшінші ату алаңында Вишневская 1 қателікке жол берді. Дарья Климина жалпы ату алаңдарындағы көрсеткіші бойынша 8 қателік жіберіп алды.

Осылайша, Вишневская  ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, неміс спортшысы Лаура Дальмаерден  +2:30.6 минут уақытқа кеш келіп, 20-шы орынға тұрақтады. Ал, Климина болса, +7:24.7 минутқа кеш келіп, жарысты 57-орынмен аяқтады.

Хабарламаларға жазылу