Оңтүстік Кореядан куанышты хабар жетті. 23-ші Қысқы Олимпиада ойындарында үкілеген үмітіміз фристайл-могулшы Юлия Галышева артылған сенімді ақтап, қола медальді жеңіп алды.
Индира Бектенова, тілші:
- Бұл Юлия Галышеваның осыдан үш күн бұрын Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіндегі берген сұхбаты. Бірақ, гипстелген қолы Олимпиада тұғырына көтерілуге қолбайлау болған жоқ. Шешуші кезеңде барын салған Юлия бүкіл қазақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Осылайша, 2018 жылдың 11 ақпаны қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылды. Бұл фристайл-могул спортындағы - еліміздің алғашқы Олимпиада жүлдесі.
Юлия Галышева, фристайлдан (могул) Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
- Мен жүлде үшін таласатын үздік алтылыққа енемін деп жоспарлаған жоқпын. Тіпті, шаңғымды шештім. Павел Колмаков барлығын көріп тұрды. Мен Сочи Олимпиадасында Әлем чемпионатында жетінші болдым. Егер де менің алдымды барлығы орап кеткенде, мен тағы да жетінші болып қалар едім. Тіпті, өзіме уәде бердім, егерде жетінші орынға тұрақтасам, болды, жарысқа қатыспаймын деп. Мақсат – үштікке іліну болатын. Біз жоспарды орындадық.
Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен тағы жерлесіміз Аяулым Әмренова іріктеуден аса алмаса да, 16 жастағы спортшы үшін Қысқы Ойындар тәжірибе жинақтауға жақсы мүмкіндік болды.
Индира БЕКТЕНОВА