Бүгін қазақстандықтар XXIII Қысқы Олимпиада ойындарында төрт спорт түрі бойынша сынға түсті.
Шаңғы жарысы бойынша 7,5+7,5 шақырым қашықтықта Елена Коломина, Анна Шевченко, Валерия Тюленева бақ сынап, Анна Шевченко - 36, Елена Коломина - 54 орынмен мәре сызығынан көрінді. Ал, Олимпиада ойындарының дебютанты Валерия Тюленева бірінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды.
Әйелдер арасында 7,5 шақырымдық спринт жарысында Галина Вишневская – 30-шы, Дарья Климина - 58-ші, Ольга Полторанина 63-ші, Алина Райкова – 71-ші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы шана жарысынан Никита Копыренко бақ сынады. Алғашқы сырғанау барысында отандасымыз 50,147 секунд көрсеткішімен 35-ші орын алды. Ал, екінші сырғанауда 50,327 секундпен 38-ші нәтиже көрсетті. Жарыстың 3 және 4 іріктеу кезеңдері ертең өтетін болады. Қорытынды есеп 4 іріктеу кезеңінің жиынтығы бойынша есептеледі.
Шорт-тректен ерлер арасында 1500 метр қашықтықта Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша және әйелдер арасындағы 500 метрлік жарыста Анастасия Крестова сайысқа түсті. Үш спортшының да жолы болмады.
Ертең 11-ақпан күні қазақстандықтар спорттың бес түрі бойынша сынға түседі. Жарыстар «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарының тікелей эфирінде.