Оңтүстік Кореяда Олимпиада ойындары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореяда Олимпиада ойындары басталды

09.02.2018

Оңтүстік Кореяда Ақ Олимпиада ойындары басталды. 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларға арналған қалашық екеу. Біреуі таулы кластерде болса, екіншісі жағалау маңында орналасқан. Олимпик виледжде журналистерге арналған арнайы ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл медиа турдан біздің түсірілім топта шет қалған жоқ.

Индира Бектенова, тілші:

 - Жаттығудан оралған шорт-трекшілер бос уақытын пайдалы өткізуге тырысады. Бірі конькиін майлап қайраса, екіншісі, өткен жарыстарды көріп сараптама жасауда. Үшіншісі музыка тыңдап жатыр. Ал, ересектер арасындағы Олимпиадада алғаш рет өнер көрсеткелі отырған Еркебұлан Шамұхановтың таңдауы бөлек-кітап оқу.

Заманауи талаптарға сай келетін пәтерде бес шорт-трекші тұрады. Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан кейін қалашық тұрғын үй ретінде пайдаланылмақ.   

Байқасаңыздар спортшылардың бөлмесінде артық зат, жиһаз жоқ. Спорт түрлерінің пиктограммасымен безендірілген әдемі көрпені спортшылар өздерімен бірге үйлеріне тегін сувенир ретінде алып кетсе болады. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша бір көрпенің бағасы 70000 вон, теңгемен шамасы 21 мың тенге.

Каннын қалашығында спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Олимпиада қонақтары корей халқының ұлттық киімі ханбокты киіп, мәдениетімен танысуға мүмкіндік алып отыр.

Хабарламаларға жазылу