XXIII Қысқы Олимпиада ойындары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

XXIII Қысқы Олимпиада ойындары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінде

07.02.2018
XXIII Қысқы Олимпиада ойындары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінде

9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында XXIII Қысқы Олимпиада өтеді. Әлемнің 95 елінен 3000-ға жуық спортшы қатысатын дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы да ауқымды команда алып бармақ.

Олимпиадада спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Біздің спортшыларымыз биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жарысу, шана спорты, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) сынды спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайтын болады. 

 

Қазақтың көк туы Пхенчхан төрінде 7-ші ақпан күні көтеріледі. Ал Олимпиаданың алғашқы сындары 8 ақпан күні басталады.

 

Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ – Қысқы Олимпиада ойындарының Қазақстан Республикасындағы негізгі хабар таратушысы. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында 150-ге жуық тікелей трансляция жоспарланған.  Оның ішінде 60-сын «Qazaqstan» Ұлттық арнасы, ал «Qazsport» телеарнасында – 85-тен астам трансляция жүргізілмек.

 

Сондай-ақ, Олимпиада ойындары кезінде 20-ға жуық білікті комментаторлар жұмылдырылмақ. Олардың арасында көрерменнің жоғары бағасын алып үлгерген Есей Жеңісұлы, Лилиана Әлжанова, Александр Олейник, Тимур Сүлейменов, Ермек Төрениязов және белгілі тележүргізуші Дана Нұржігітті ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, «Qazsport» телеарнасы комментаторларының арасында 7-ші Қысқы Азия ойындарының чемпионы Евгений Левкин де бар.

 

Көрермендер Алексей Полторанин, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова, Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Екатерина Айдова және тағы да  басқа қазақстандық спортшылар қатысатын сайыстарды  тікелей эфирде тамашалай алады.

Хабарламаларға жазылу