Olympic Dream. Шаңғымен жүгіруден Қазақстан Ұлттық құрамасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Olympic Dream. Шаңғымен жүгіруден Қазақстан Ұлттық құрамасы

29.01.2018

Көрермен назарына ұсынылған Olympic Dream хабарының алғашқы санында шаңғымен жүгіруден Қазақстан Ұлттық құрамасы таныстырылды.  

Әр елдегі спортшылардың жетістігі мен толағай табыстары Олимпиада ойындарында қол жеткізген көрсеткішімен бағаланатыны белгілі. Төрт жылда бір келетін кешенді бәсекеге спортшылар бір олимпиадалық цикл бойы толассыз дайындалады. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Қысқы Олимпиаданың басталар сәтіне де санаулы күндер қалды. Осы жылдың басты спорттық додасы ақпаның айының 9-25-і аралығында өтеді.

Айта кетсек, аталған спорт түріне елімізде ерекше көңіл бөлінеді. Ел спортының тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған спортшылар бар. Соның ішінде 1994 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Владимир Смирновтың шаңғымен жүгіру спортын өрткендетуге сіңірген еңбегі орасан зор. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Иван Гаранин мен Владимир Сахновты да ерекше атап өту қажет.

Шаңғымен жүгіруден ұлттық құраманың бас бапкері Александр Батяйкиннің айтуынша, соңғы олимпиадалық циклде құрама сапы айтарлықтай өзгерген.

«Құрама сапының жартысы жаңарды. Командаға жастар қосылды. Атап айтсақ, Иван Люфт, Олжас Климин, Константин Борцов, Ринат Мухин. Спортшылар мен бапкерлердің жұмысқа деген қызығушылығы жоғары.

Ал, алдыңғы буын өкілдері туралы айтар болсақ, құрама сапында Николай Чеботькодан тәжірибелі әрі жасы үлкен ешкім жоқ. Щучинск қаласының тумасы спорттық жолын 2001 жылы бастаған. Осы уақытқа дейін ол төрт рет Олимпиада ойындарына қатысқан. Ең жоғарғы көрсеткіші 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдесі.

Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Виталий Пухкало. 25 жастағы спортшы «ерінбей жаттықсаң, бәрі қолыңнан келеді», дейді.

Жалпы, шаңғымен жүгіруден Қазақстан Ұлттық құрамасын таныстыруға арналған шығарылымда Ұлттық құрама көшбасшысы Алексей Полтаранинді тілге тиек етпеу мүмкін емес. Отандасымыз осы уақытқа дейін екі рет Әлем чемпионатының жүлдегері атанған.  

Бағдарламаның келесі кейіпкері - Ақмола облысының тумасы Ольга Мандрика. 24 жастағы спортшының Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүргеніне 5 жылдан асқан.

«Бапкерлер алқасы құрама сапын жасақтап, кемшін тұстарын өзгертуде. Жаттығу жиындарында қолдарынан келгенше ақыл-кеңестерін береді», - дейді ол.

Бұдан өзге, аталған спорт түрінен әйелдер арасында Ұлттық құрама сапында Елена Коломина, Анна Стоян, Валерия Тюленева бар. Айта кетейік, Ақмола облысының тумасы Валерия Тюленева құрама сапындағы ең жас спортшы.

Сөз соңында Ұлттық құраманың бас бапкері ақ Олимпиадада жүлдеге қол жеткізу  үшін барын салатындарын жеткізді.

 

Хабарламаларға жазылу