«Қазақстан Барысы» елімізде ғана емес, шетелде де жақсы танымал – Арман Шораев (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан Барысы» елімізде ғана емес, шетелде де жақсы танымал – Арман Шораев (ФОТО)

28.06.2017
«Қазақстан Барысы» елімізде ғана емес, шетелде де жақсы танымал – Арман Шораев (ФОТО)

Бүгін Астанадағы «Rixos President Astana Hotel» қонақ үйінде  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VII Республикалық турниріне орай баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихатына Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Төлегенұлы Шораев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Аманұлы Кәлетаев және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Тынымбайұлы Қарин қатысты.

«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің аймақтық іріктеу кезеңі толық аяқталып, қазіргі уақытта жарысқа дайындық пысықталуда. Жиында жетінші рет өткелі тұрған ұлттық күрес бәсекесінің ерекшеліктері және жаңалықтары туралы айтылды.

«Биылғы турнир екі отандық, екі шетелдік – ресейлік және түрік телеарналарында көрсетілетін болады. Арналар алдына ешқандай шектеу қоймадық»,-дейді Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының президенті Арман Төлегенұлы Шораев. Ол сондай-ақ, аталмыш турнирдің елімізде ғана емес, шетелде де имидждік маңызы зор екенін атап өтті.

«2 шілде күні «Қазақстан Барысы-2017» турнирін «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетпек»,-деді Ерлан Қарин. Басқарма төрағасы сонымен қатар,  «Барыс арена» кешенінде турнир қатысушылары мен қонақтары келіп, сұхбат беретін арнайы студия ашылатынын айтты.

Еске сала кетейік, 2 шілде күні осымен жетінші рет өткелі отырған беделді бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы мен Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен, 34 үздік палуан қатысады.

«Қазақстан Барысы-2017» турнирінің жүлде қоры қомақты. Жеңімпаз атанған палуанға алтын белбеу және алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орынға сәйкесінше күміс және қола белбеу.

Сонымен қатар, ақшалай жүлделер төмендегідей:

Әр белдесудегі жеңіске - 100 000 теңге;

ІІІ орын - 1 800 000 теңге;

Бапкеріне - 900 000 теңге.

 

ІІ орын - 5 500 000 теңге;

Бапкеріне - 1 800 000 теңге;

 

І орын - 25 000 000 теңге;

Бапкеріне - 3 500 000 теңге. 

Хабарламаларға жазылу