Бокстан Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирді «Kazsport» телеарнасы көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирді «Kazsport» телеарнасы көрсетеді

20.12.2016
Бокстан Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирді «Kazsport» телеарнасы көрсетеді

Қарағандыдағы бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сапиев орталығында Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтуде. Жарыс 19-ы басталып, 23 желтоқсан күні өз мәресіне жетпек.

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокс додасы – талай боксшылардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі. Тарихы тереңде жатқан бұл бокс бәсекесінен Олимпиада чемпиондары мен талай Әлем чемпиондары түлеп шыққан. Атап айтар болсақ, бүгінде кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Геннадий Головкин бұл турнирде бес рет топ жарған. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров пен Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов та Ғалым Жарылғапов турнирінің бес дүркін чемпиондары атанған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов та бұл турнирде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Одан өзге, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда «Astana Arlans» командасының директоры Серік Сәпиев те бұл турнирді үш рет жеңген боксшылар қатарынан.

Ал, «Ғалым Жарылғапов турнирінде ең көп топ жарған боксшы кім?» дегенге келсек, Сарыарқа төсінде туып-өскен Аркадий Топаевтың есімін ерекше мақтанышпен айта аламыз. 1994 жылы әлем кубогының жеңімпазы атанған былғары қолғап шебері бұл турнирді жеті рет ұтқан жалғыз боксшы.

Ғалым Жарылғапов 1939 жылдың 22-желтоқсанында дүниеге келген. Спортты серік еткен тұлға қазақ боксының нағыз жанашыры болған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері мен спорт шебері атақтарына қол жеткізген. Кейін былғары қолғабын шешкеннен кейін де шаршы алаңның айналасынан алыстай алмаған. Бапкерліктен бастап, облыстық туризм және спорт комитетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген. 1984 жылы Ташкентте КСРО халықтарының спартакиадасы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның өкілі ретінде Ғалым Жарылғапов та қатысқан. 

Бұл бокс додасын «Kazsport» телеарнасынан тамашалай аласыздар.

Көрсетілімдер кестесі:

19.12.2016  
18:10  Іріктеу кезеңі
20.12.2016
13:55  Іріктеу кезеңі. LIVE
21.12.2016  
18:10  Ширек финал
22.12.2016 
 
12:55 Жартылай финал. LIVE
23.12.2016 
11:55  Финал. LIVE

Хабарламаларға жазылу