29 қазанда Алматы қаласындағы «Алматы арена» спорт кешенінде өтетін бокс кешінде жекпе-жек өткізетін отандасымыз Қанат Ислам мен оның қарсыласы ганалық Патрик Аллотей баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды inform.kz.
Кеше ғана Алматыға келген WBC International Silver тұжырымы бойынша орта салмақтың чемпионы Патрик Аллотей журналисттерге: «Мен мұнда ойнау үшін емес, Қанатты жеңу үшін келдім» - деді.
«Аллотей – өте мықты және жауапты спортшы. Бұл жекпе-жек мен үшін үлкен сынақ»- деді Қанат Ислам.
Айта кетейік, Патрик Аллотей бұған дейін 36 кездесу өткізіп, екеуінде ғана ұтылған, қалған жекпе-жектерін жеңіспен аяқтаған. Алғашында 2014 жылы Замбияда Зимбабве боксшысы Чарльз Манючиді және 2015 жылы АҚШ-та бразилиялық боксшы Патрик Тейшейраға есе жіберді.
Отандасымыз Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен.
Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша өз белбеуін қорғамақ. Сондай-ақ, WBO Inter-Continental және IBO International нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.
Қанат Исламнан басқа бокс кешінде Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы шаршы алаңға шығатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, бокс кешін «Қазақстан» телеарнасы арқылы тамашалай аласыздар!