19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Гранаткин Мемориалы-2017 турнирінің жартылай финалында Грекиямен кездесті. Қарсыластарын 2:1 есебімен жеңіп, финалға шықты, деп жазады Sports.kz.
Қазақстан құрамасынан Айдос Орал қос бірдей доптың авторы атанды. Алдымен, 18-минутта пенальтиден есеп ашса, 49-минутта екінші голын салды. Ал, гректерден шабуылшы Гиоргос Цоврас 58-минутта мергендігімен танылды.
Бір айта кетерлігі жерлестерімізден жартылай қорғаушы Жанәлі Пайруз 42-минутта екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
21 қаңтар күні ақтық сында отандастарымыз Ресей құрамасымен сынға түспек.
Айта кетейік, Гранаткин турнирі ФИФА-ның бірінші вице-президенті Валентин Гранаткиннің құрметіне 1981 жылдан ұйымдастырылып келеді. Оған барлығы 16 команда қатысады.