«Астана» клубы Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» клубы Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шықты

26.08.2016
«Астана» клубы Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шықты

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Қос ойын қорытындысы бойынша қазақстандық клуб Беларусь елінің «БАТЭ» командасын жарыс жолынан шығарды. Борисовта өткен қарымта ойында 2:2 есебі тіркелді.

Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клуб бірінші таймда алаң иелеріне басымдықты беріп, қорғаныста ойнады. Көп тұста қорғаушылар қателікке бой алдырып, «БАТЭ» ойыншыларына мүмкіндік берумен болды. Нәтижесінде 27 минутта Михаил Гордейчук ойындағы есепті ашып, алаң иелерін алға шығарды. Осылайша бірінші тайм аяқталғанша 1:0 есебі сақталды.   

«Астана» екінші таймды тың серпіліспен бастады. 49 минутта бұрыштама добынан кейін Неманья Максимович қарсылас қақпасына баспен соққы бағыттап, есепті теңестірді.

Ал, 76 минутта Патрик Твумаси айып соққысын сәтті орындап, есепте «Астананы» алға шығарды.

Ойын аяқталар тұста «БАТЭ» ойыншылары қауіпті ойнай бастады. Риос Серікжан Мұжықовқа қарсы дөрекі ойнап, қабағын жарды. Нәтижесінде француз төрешісі Тони Шапран «БАТЭ» ойыншысын алаңнан қуды.  

89 минутта қазақстандық клубтың қорғаушылары айып алаңында ереже бұзып, 11 метрлік айып добы белгіленді. Стасевич пенальтиді сəтті орындап, таразы басын теңестірді.

Айта кетейік, Астанада өткен бірінші ойында елордалық клуб Беларусь ұжымын 2:0 есебімен жеңген еді. 

Хабарламаларға жазылу